БҚО-да аграрлық сала ғылыммен бірге дамиды

Шаруалар жер жағдайы немесе ауа райына ғана емес, ғылымға сүйеніп, заманауи агротехнологияларды енгізуі қажет.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда егіс түрлерін көбейту қажеттігіне мән берген еді. Батысқазақстандық маман-ғалымдар да Жолдауда айтылған агроғылымды дамыту жайын қызу қуаттайды.

Бүгінгі Жолдауды Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті агрономия факультетінің ұжымы көп болып көрді. Әркім керегін көңілге түйді. Профессор Бейбіт Насиев дақылдың жаңа сортын шығарып, тұқым шаруашылығын дамыту керек деген Президент тапсырмасымен толық келіседі. Өйткені бұл бағыттағы жұмыстар кенжелеп қалған. Жалғыз ауылшаруашылық тәжірибе стансасы мен 5-6 серіктестік өңір қажеттілігін өтемей отыр, - дейді ол.

Бейбіт Насиев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

- Бұл бағытта айтылып жатқан, Президент беріп жатқан жоспарлар өте уақытылы, нақты деп есептейміз. Сапалы тұқыммен фермерлерді, ауылшаруашылық тауар өндірушілерді қамту деңгейі өте төмен болып тұр. 10-15% ғана қамти алады. Ал арғы жағында керек тұқымды тауар өндірушілер Ресейден, не шетелден сатып алуға мәжбүр.

Агроном-ғалым Берік Жумин сол шетелден дәнді және майлы дақылдардың тұқымдарын әкеліп, жерсіндірумен айналысады. Ең жақсы өнім көрсеткен дақыл түрлерін шаруаларға ұсынады. Биыл демополигонына күнбағыстың 23, жүгерінің 13, соргоның 3 түрін егіпті. Келешекте тұқымды өзі өндірмекші. 

Берік Жумин, ғалым-агроном:

- Гибрид мына ыстықта су жетпегенге, ылғал жетпегенге төзімді. Сондықтан артық өнімділігі. Біздер гибрид өзіміз шығару ойда бар. Әртүрлі алаң таңдалып жатыр. Гибрид бәрі жақсы жағдайда өсу керек. Иә, суармалы жерде өсу керек. Сол жерде тұқымы дайындалады. Гибрид сұрыптан айырмашылығы, сұрыпта бұлар деген аралармен, жәндіктермен тозаңданады. Гибридтер өзі тозаңданады.

Бүгінгі Жолдауда аграрлық салаға қатысты айтылған тағы бір тұжырым – егіс түрлерін көбейту жайы. Бұл ретте батысқазақстандық ғалымдар дәстүрлі бидай мен арпаның орнына жаңа дақыл ұсынып отыр. Ол – сорго.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз ортасында тұрған мына алқап, мына дақылдар «қонақ жүгері», яғни «сорго» деп аталады. Әлемде бидай, күріш, жүгеріден кейінгі сұранысқа ие болу жөнінен төртінші орында. Алайда елімізде әлі күнге дейін лайықты орнын ала алмай отыр.

Биыл өңір диқандары 306 мың гектарға арпа-бидай, 110 мың гектарға майлы дақылдар ексе, соргоның аумағы 1200 гектар ғана. Ал шындығында сорго қуаңшылыққа өте төзімді, өнімділігі бидайдан екі есе артық, құнары да еш кем емес, - дейді ғалым Алдаберген Нұғманов.

Алдаберген Нұғманов, ғалым-агроном:

- Нан жасауға болады, печенье жасауға болады, ұн жасауға болады. Малға өте жақсы азық, тамақ. Жүгерімен бірдей ғой экспортқа сатқанда мұның бағасы. Арпадан, жүгеріден кем емес. Бағасы сонымен бірдей. Бірақ арпа 10-7 центнер берсе, бұл 30 центнер береді және мұның тамыры бөлек. Тамыры тереңге кетеді, бидайға жетпейтін ылғал бұған жетеді. Бізге деген ең кемінде 30-50 мың гектар жер шашу керек қой облыс бойынша.

Шаруалар жер жағдайы немесе ауа райына емес, ғылымға сүйенуі керек деген Жолдаудағы пікірмен батысқазақстандық шаруалар толық келіседі. Бұл ретте өндірісті ғылыммен ұштастырып, тың технологияларды енгізудің орны орасан.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.