Керекудің креатив жастары

Бірнеше жыл бұрын Павлодарда креативті экономиканы дамыту концепциясы әзірленген еді. 

Кешенді жоспар аясында жастардың бастамасын дамыту орталығының жанынан 15 бағыт бойынша жұмыс істейтін корпус ашылды.  Ендігі мақсат – креативті индустрияны өңірлік деңгейде дамыту. Бұл іске жергілікті жоғары оқу орындарының мамандары да араласып, шығармашыл жастарға қолдау көрсетіп жатыр.

Бұл – Павлодардың танымал тик-токерлері. Бір топ жас бір жыл бұрын өздері білім алатын университеттің ресми парақшасын ашқан. Бүгінде әлеуметтік желідегі парақша пайдалы ақпараттармен бөлісу алаңына айналып, мыңдаған жазылушысы бар аудитория жинап үлгерді.

Руслан Имамов, команда мүшесі:

- Қызметімізге сұраныс барда жаңа деңгейге шыққымыз келеді. Сапалы жарнама жасау, тик-ток парақшасын жүргізуге оқытуды қолға аламыз. Осылайша, университет қабырғасында жүріп-ақ, нәпақа табамыз. Ең бастысы, бұл бағытқа қызығушылығымыз зор. Қолдау да бар.

Шығармашыл жастардың көздегені - бұл істі табыс көзіне айналдырып, креативті кәсіпкер атану. Студенттердің тағы бір бөлігі бизнес жүргізу дағдыларын меңгеріп, қалаған жобаларын жүзеге асыра алады.

Мөлдір Дәуіт, студент:

- Біз баршамызды алаңдатқан мәселелерді шешу мақсатындағы жобаларды әзірлейміз. Мәселен, өткен жылы «Эйрлакс» атты жобамыз халықаралық байқауда жеңіске жетті. Біз бөлмеге сырттан келетін ауаны тазартатын құрал ойлап таптық. Осылайша, аллергияға шалдыққан адамдарға көмектескіміз келеді.

Әлихан Мәжитов, студент:

- Ұлттық деңгейдегі жарыста экологиялық жобамыз жүлделі орынға ие болды. Оқытушымызбен бірге топырақтың тұзданып кетуін тоқтату жобасын әзірледік. Бұл – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Тұзданып бара жатқан жерге мия тамырын көптеп ексе, проблеманы алдын алуға болады. Сынақ сәтті өтті. Енді толыққанды жүзеге асырып, авторлық құқық алмақпыз.

Облыста Жолдау жүктеген міндеттер аясында креативті жастарға барынша қолдау көрсетіледі. Бүгінде жастар бастамаларын қолдау орталығында 15 клуб жұмыс істейді.

Ризат Рақымжанов, Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Медиа, музыка, дыбыс жазу бағыттары бойынша жұмыс істейтін клубтарға келушілер көп. Жастар үшін бар жағдай жасалған. Заманауи құрал-жабдықтар бар. Ең бастысы, тәжірибемен бөлісетін азаматтар жетерлік. Ортақ мақсатымыз – креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру.

Клубтарға келетін жастардың қарасы мол. Мамандар арнайы бағдарламалар әзірленіп, қолдау көрсетілсе, креативті кәсіпкерлік қарқын алады деген ойда.