БАӘ-нің инвесторы Көкшетауда кәріз суларын тазартатын қондырғы салады

Біріккен Араб Әмірлігінің инвесторы Көкшетау қаласында кәріз суларын тазартатын қондырғы салатын болды.

Қаржыландыру көлемі -70 млн АҚШ доллары шамасында. «Астана» халықаралық қаржы орталығының делегациясы Біріккен Араб әмірліктеріне барып, бірқатар келісімдерге қол жеткізді.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- Біз қазір Әмірліктер астанасындағы Абу Даби портс груптың ғимаратындамыз. Бұл аты айтып тұрғандай порт инфрақұрылымы және теңіз тасымалы саласындағы әлемдік алпауыт компания. Қазір қазақстандық делегация «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін  бірлесіп дамыту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Осылайша, экспорттық жүктерді Парсы шығанағы елдері, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауы нарықтарына жеткізудің төте жолы ашылады.

Қазірдің өзінде Абу Даби портс груп Ақтауда Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын дамытуға атсалысуда. Ұлттық «Қазтеңізкөлікфлот» компаниясымен бірлесіп 8 мың тонналық 2 жаңа танкер сатып алған. Кездесуде Самрұқ-Қазына қоры Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов көлік және логистика бағытын әртараптандыру арқылы, Қазақстанның Орталық Азия мен Каспий өңіріндегі көлік хабына айналуға ниетті екенін атап өтті. Араб компаниясының  басшысы Мұхаммед әл-Шамиси транзиттік теміржол әлеуетіне қызығушылық танытып отыр.

Ренат Бектұров, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басшысы:

- Енді бүгін болып жатқан келісім бұл КТЖ компаниясы яғни өзіміздің Қазақстан темір жолы және Абу даби портстың арасындағы осындай және бір компания жасауды қарастыру жөніндегі келісім. Яғни енді бұл тек қана танкер, кемелер емес яғни біздің темір жолы инфрақұрылымын, пойыздарды жаңарту осындай салаларда серіктестіктің негізін салуда келісімдер болып жатыр.

Темір жол теңіз көлігіне қарағанда экологиялық таза – бір, екіншіден, «Солтүстік – Оңтүстік" дәлізінің көлік бағыттарын пайдалану арқылы жүкті  жеткізу уақытын айтарлықтай қысқартуға болады. Президент халыққа Жолдауында Парсы шығанағы порттарына шығуға жол ашатын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің маңыздылығына ерекше тоқталғаны сондықтан.  Бұл бағыттағы темір жолының өткізу қабілетін екі есеге өсіру міндеті қойылды. 

Нұрлан Жақыпов, "Самрұк-Қазына" АҚ басқарма төрағасы:

- Кездесулердің барлығы Президент Жолдауда атап көрсеткен бағыттарды қамтиды. Соның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласында Masdar, көлік және логистика бойынша – AD Ports, мұнай және газ саласында – ADNOC және IT шешімдер бойынша – G42 компаниялары бар.

Кездесуде геологиялық барлау саласындағы серіктестік мәселесі, өнеркәсіпті автоматтандыру саласындағы жасанды интеллектіні дамытумен және Big Data-мен жұмыс істеуге байланысты келісім орнады.  Сондай-ақ, Көкшетау қаласының әкімдігі «Метито» компаниясымен келісім құжатқа қол қойды. Инвесторлар Көкшетау қаласында кәріз суларын тазарту қондырғысы құрылысын салады. Бұл жоба – ағынды судың мөлшерін азайтып,  тазартудан өткен канализациялық суды ауылшаруашылығы саласында қолдануға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс