Ауылда жұмыс істеймін дейтін дәрігерге 3 млн теңге төленеді

Ақтөбе облысында шалғай ауылдарда еңбек ететін жас дәрігерлердің көтерме ақысы екі есе артты. 

Биылдан бастап оларға 3 миллион теңге төленетін болды. Бұл өңірдегі маман тапшылығы мәселесін шешіп, ауыл халқына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған қадам.

Сандуғаш Алдашева диплом алып, ауылға келген жас маман. Сарыжар ауылындағы амбулаторияның күндізгі стационар дәрігері. Жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдасының туған жеріне көшіп келуде ұйғарыпты. Облыс бюджетінен бөлінген көтермеақы баспана алуға жұмсалды. Одан қалды аудан әкімдігі берген 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражат жас отбасыға қомақты қолдау болған.

Сандуғаш Алдашева, Сарыжар дәрігерлік амбулаториясының күндізгі стационар дәрігері:

- Жас маман болғасын кез келген жерде тәжірибе керек. Тәжірибе жинау үшін ауыл деген өте қолайлы деп айта алам. Себебі балаларды бұл жақта жалпы тәжірибелік дәрігерлер туылғаннан бастап ересек адамға дейін қарайды. Сол кездері педиатр, әрі терапевт деген сияқты жан-жақты болады деп ойлаймын.

Ойыл ауданындағы 22 медицина мекемесінде 34 маман еңбек етеді. Қосымша жалпы тәжірибелі үш дәрігер қажет. Шағын амбулаториялар мен медициналық пункттерге жоғары оқу орындарының биылғы түлектерін тарту көзделген.

Сәндібек Нұрбаев, Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Барлық ауданда ондай мәселе бар. Енді узкий профиль бойынша. Біз өзіміз жалпы тәжірибелік дәрігерді оқытып жатырмыз. Өзіміздің қаржымызға. Ол енді бітіргеннен кейін ертең бізге, ауданымызға келіп, біз қай жерге жібереміз сол ауылға барып, қызмет істейді.

Жалпы Ақтөбе облысына 200-ден астам дәрігер қажет. Оның жартысы аудандарға аттанады. Жергілікті жоғары оқу орнын бітіретін 442 түлектің 173-і аймақта еңбек етуге келісім берген. Осының арқасында маман тапшылығы мәселесі 83 процентке азаюы мүмкін.

Гүлбаршын Есенбаева, Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда Шалқар ауданына – 6 маман, Мәртөкке – 3 маман, Хромтауға – 1 дәрігер-неонатолог, Қобда ауданына – 2 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмысқа орналасты. Құжаттарын келіп тапсырады. Сосын олардың жыл соңына дейін қаржысы толықтай төленіп болады.

2025 жылы облыс аумағында үш ауданаралық аурухана ашылуы тиіс. Демек мамандарға сұраныс қайта артады деген сөз. Сол себепті жас дәрігерлер үшін көтермеақыдан бөлек облыс қазынасынан қосымша грант та тағайындалған. Ауылға аттануға ниетті 40 адамға тегін білім алу мүмкіндігі бар.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Ақтөбе облысы, "Хабар 24"