Жезқазғанда көшпелі еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Жезқазғанда маман тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлытау облысының құрылуына байланысты білікті кадрларға сұраныс артқан. Қазір 350-ден астам бос жұмыс орны бар. Күн сайын байқаулар жарияланып, хабарландыру берілгенімен, еңбек нарығындағы сұраныс толық қанағаттандырылмай отыр. Сондықтан қала әкімдігі тұрғындар көп шоғырланған орталық көшенің бірінде көшпелі жәрмеңке ұйымдастырды.

Жұмыс бар, маман жоқ. Жезқазғанда кадр тапшылығы күн тәртібінен түспей тұр. Бұл жолы қалалық мансаптық орталық өкілдері хабарландырудан гөрі мамандарды елдің арасынан іздеуді жөн санады.

Гүлшат Құрманбаева, қалалық мансаптық орталығының басшысы:

- Көбінесе мемлекеттік мекемелерге. Өйткені ол жақта жас мамандар тапшы. Юристер, бухгалтерлер және де әлеуметтік сала бойынша қызметкерлер тапшы болып тұр қазіргі уақытта.

Мемлекеттік қызметшілерден бөлек, облыс орталығында педагог ұстаздар жетіспейді. Қаладағы білім ошақтарына 122 мұғалім қажет. Білім бөлімі өзге өңірлерден келетін мамандарды ынталандыру мақсатында жатақханадан орын беруге дайын.

Әсем Қадырова, қалалық білім бөлімінің кадр мәселелері жөніндегі маманы:

- Келіп жатыр, әрине. Бірақ тура осы айтылған мамандықтарға мамандар келмей тұр. Математика пәнінің мұғалімі, тарих пәнінің мұғалімі. Бірақ енді жалпы балабақшаға тәрбиешілер келіп жатыр.

Еңбек жәрмеңкесіне қатысқан 200-ден астам адамның 19-ы жұмыс орнын тапты. Солардың бірі – Меруерт Алдашова. 2 айдан бері жұмыссыз жүрген маман мемлекеттік қызметке жолдама алды.

Меруерт Алдашова, қала тұрғыны:

- Мен сияқты жас мамандарға, жас түлектерге айтар едім, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысуға шақырар едім. Мұнда мүмкіндіктер мен әртүрлі, сан алуан түрлілік көп деп айтар едім.

Көшпелі жәрмеңкеге жұмылдырылған 24 мекеме 350-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жоспарлы түрде ұйымдастырылатын мұндай шара маман тапшылығын жоюға сеп. Мысалы, жыл басынан бері еңбек жәрмеңкесі арқылы 1200 адам жұмыс тапқан. Бұдан бөлек, 140-қа жуық азамат «Күміс жас» жобасы аясында еңбекке араласты. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.