«Батыл тойтарыс-2023»: әскери қызметшілер марапатталды

Іле өзенінің бойында өткен «Батыл тойтарыс-2023» ірі әскери-жаттығуының қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен сарбаздар марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысып, үздік нәтиже көрсеткен жауынгерлерге сыйлық табыстады. Ауқымды оқу-жаттығу барысында әскери бөлімшелер мен өзге де күш құрылымдарының бірлесе әрекет етуі пысықталып, жеке құрам құнды тәжірибе алмаса білді. Бұл өз кезегінде әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетін арттыруға ықпал етіп отыр.

Ақжол Іңкәрбек, инженерлік бекініс батальонының штаб бастығы:

- Іле өзенінің арғы бетіне қарсыластарға тойтарыс беру мақсатында пантондық көпір құрып, әскери құрамды және қару-жарақты өзеннің арғы бетіне өткізді. Осы мақсатта қысқа мерзімде сарбаздар әскери бөлімге келіп, әскери-жаттығуда үйреніп, өздерінің шеберліктерін шыңдады.

 

Қорғаныс министрі әскери нысандарды тексерді

Бұдан бөлек, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жамбыл облысына барып, әскери полигондар мен оқу-жаттығу орталықтарының материалдық-техникалық жай-күйін тексерді және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін, командирлердің кәсіптік даярлығын арттыру жайындағы міндеттерді пысықтады. Сондай-ақ 22326 әскери бөлімнің қабылдау пунктіне, жауынгерлік машиналар паркіне барып, қару-жарақ пен әскери техниканың ахуалын бақылады. Луговой, Тараз гарнизондарындағы казармаларды аралады. Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды көріп, маман даярлауға жасалған жағдаймен танысты. Сапар соңында Руслан Жақсылықов әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін бірқатар тапсырма берді.