Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген қаскөй өмір бойы түрмеде отырады

Түркістан облысында 5 жасар қызды қатыгездікпен өлтірген қасқөйге сот жаза кесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 48 жастағы педофилге химиялық кастрация жасалады. Ал марқұмның отбасына моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге өтеуге тиіс.

Сот Шымкенттегі тергеу изоляторында өтті. Жібек Жолы ауылында болған бұл оқиғаға байланысты Перзидент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқиғаны мұқият тексеруді тапсырған еді. Себебі тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де кісі өліміне қатысты 10 жылға сотталып, жазасын өтеп шыққаны анықталды. Сондай-ақ тағы бір адамның денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін 3 жылға шартты түрде сотталған екен.

Айдос Сұлтанов, облыстық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

- Сот үкімімен аталған тұлға қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 121-бабтың 4-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағыны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сараптама қорытындылары бар, тиісті тергеу әрекеттерінің хаттамалары бар, дәлелдемелерді алу туралы, заттай дәлелдеме тану туралы көптеген дәлелдер бар жеткілікті.

Нұржан Ережепов, марқұмның әкесі:

- Қалай азапталды, бұл да солай азапталуы керек. Бұдан кейін мынау Сарыағаштағы күдіктіні шығарып жіберген судья ма, солар жазалануы керек. Сол кезде қамалған кезде қазір менің қызым тірі болған болар еді. Жеңіл жаза қылып «условныймен» шығарып жіберген. Антикорға жазғанбыз соттардың тірлігін. Іс жүріп жатыр дейді. Бірақ бізге әлі еш нәрсе айтылған жоқ. Жүріп жатыр ма, жоқ па – бір құдай біледі.