«Мерейлі отбасы» байқауында Ақмола облысының намысын Қазанғаповтар әулеті қорғайды

Береке-бірлігі жарасқан отбасы. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары республикалық жарысқа дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байқауға көпбалалы, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысады. Ал Ақмола облысының намысын қорғауға Қосшы қаласының тұрғындары Қазанғаповтар әулеті сақадай сай. Қалалық деңгейде жүзден жүйрік шыққан отбасы жайлы тлішміз баяндасын.

Халқымыз кие тұтып, қастерлейтін ұғымдардың бірі – қара шаңырақ. Бұл қасиет қазақ ел болғалы қалыптасып, біте қайнасып, ұлтымыздың ерекшелігін айшықтап келеді. Ақмола облысы Қосшы қаласында тұратын Қазанғаповтар әулетінің отағасы мен отанасы осы қастерлі ұғымды ұлықтап, бір шаңырақ астында 44 жыл ғұмыр кешіп келеді. Ыбырай ата мен Бибісара әжей – 6 бала тәрбиелеп, өсіріп, сол балалардан тараған немерелердің қызығына батып отырған бақытты жандар. Берекесі мен бірлігі жарасқан мерейлі отбасының ұйытқысы.  

Жаңа астананың іргесі қаланып, елорда бой көтерген жылдары Қазанғаповтар отбасы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. Бастапқыда үйреншікті орта, ағайын-туыс, бауырдан жырақта өмір сүру оңайға соқпайды. Ол кезде Қосшыда бүгінгідей қайнаған тіршілік жоқ. Дегенмен сол сәтте олар үшін бәрінен балалардың болашағы маңызды болды.

Ыбырай Қазанғапов, отағасы:

- Осылай өздері тұрғызған баспана Қазанғаповтардың құтты қонысына айналды. 23 жылда бұл шаңырақта талай қуаныш болды. Балалар өсіп-өнді.

Бақтияр Қазанғап, баласы:

- Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Еңбек, еңбек, еңбек бәрін жеңбек Ұранымыз сол болатын біздің кішкентай кезімізде. Әкемнің қасында көп жүретінмін. Жер аударғанда да, жоңышқа еккенде де, күрішке де баратынмыз, жүгері еккенбіз. Жүзуді де әкемнен үйренгем. Балаларды да осылай өзіміз сияқты еңбекке баулимыз. Бұлар да еңбек етсін, ерінбесін деймін. Айтқан бөлек, қолмен істеген бөлек. Үйренгені өзіне жақсы, істегені бізге жақсы.

Жастайынан жетімдіктің тауқыметін көріп өскен кейіпкеріміз «мен көрмеген жақсылықты ұрпағым көрсін, мен білмегенді солар білсін» деген ұстаныммен өмір сүрді. Бауырынан тараған 6 баласын оқытып-тоқытты, қатарға қосты. Бүгінде олар еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр. 

Бибігүл  Ыбырайқызы, Ы. Қазанғаповтың қызы :

- Алтаумызды әке-шешеміз не қажет, бәрін беріп өсірді деп ауыз толтырып айта аламыз. «Әке – асқар тау» деп айтады ғой. Әкем туралы айтқанда менің әңгімем таусылмайды. Том-том кітап жазуға болады. Бірінші әпкем – мұғалім, содан кейінгі сот саласында жұмыс істейді. Бақтияр, мен – кәсіпкерміз. Әкем кез келген нәрсені өз өмірінен алып айтады.

Ыбырай ақсақал 23 жыл өзі өмір сүріп жатқан бақ мекен – Қосшы  қаласының дамуына бір адамдай үлес қосты. Аймақтың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, түйткілді мәселелердің шешілуіне де атсалысты. Халық оны осы жердің «төбе биі» ретінде таниды. Сонымен қатар көнекөз қария – қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз медиатор, ҚР Құрметті азаматы.

Айсұлу Сәрсенбаева, Қосшы қаласының тұрғыны: 

- Ол кісімен қоян-қолтық араласып, бірге Қосшының ыстығы мен суығында бірге жүрдік. Ол кісінің еңбегі өте зор. Ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде де осы елдің қуанышында да, қайғысында да – барлығына араласып жүретін кісі. Көпбалалы әке, балалары тәрбиелі білімді. Немерелерінің бәрі менің қолымнан оқыған. Озат оқушылар.

Немелерін еркелетіп өсірген ата мен әже үшін ендігі арманы – олардың  қызығын көру. Ыбырай ата бүгінде 75-тен асса, баланың тілін тауып, немерелермен бірге жүгіріп, ойнайды. Мұның сыры балдырғандардың атасына деген шексіз махаббаты мен отбасындағы берік тәрбиенің жемісі шығар.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Айнұр Маратқызы.