Астық кептіруге Үкіметтен қосымша жанар-жағармай бөлінеді

Астықты кептіру үшін Үкіметтен қосымша арзандатылған дизель отыны бөлінеді.​

Бұл туралы Ақмола облысының шаруаларымен кездескен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Айталық, аграрлы аймақта 2 аптадан бері толассыз жауын салдарынан орақ науқаны тоқтап тұр. Жергілікті шаруалар болса, еккенімізді орып ала алмаймыз ба деп қауіптенеді. Қазір өңірдегі астықтың небәрі 17%-і ғана қамбаға құйылған. Министр алаңдаулы диқандарды сабырға шақырып, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Яғни, арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, келесі жылғы тұқым қоры құрылады. Сондай-ақ қосымша субсидия мәселесі де шешімін таппақ.

Айта кетейік, биыл облыс шаруаларына 50 млн теңге жуық субсидия бөлінген. Қазір жергілікті сала мамандары күзгі дала жұмыстарына қосымша тағы 30 млн теңге сұратып отыр.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Бәрінің көтеріп жатқаны элеваторларға арзандатылған дизель отыны керек. Оны енді 250 теңгеден беретін болдық. Энергетика министрлігімен келісім бар. Оны толық береміз. Тұқым жағы, 2,5 млн тонна тұқым республика бойынша керек.​ Бізде бір миллион тонна бидай қазір корпорацияда жатыр. Соны қазір тексереміз. Ол былтырғы сушкадан өтпеген бидай ғой таза. Оның қазір сәйкестігін тексеріп алу керек. Жарай ма екен тұқымға. Шынымен ертең қиын​ жағдай болып қалса, содан да тұқым қорын құрамыз.