Өнегелі отбасы – өрелі ұрпақ

Елімізде көпке үлгі көрсетіп жүрген, ынтымағы ұйысқан отбасылар аз емес.

Даналығымен дараланған ақсақалдар мен, алтын құрсақты аналарымыз, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр. 

Қосшы қаласында тұратын Қазанғаповтар әулетінің отағасы мен отанасы бір шаңырақ астында жарты ғасырға жуық ғұмыр кешіп келеді. Қазір Ыбырай ата мен Бибісара әжей - 6 баласынан тараған немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Бас шаһар бой көтерген жылдары Қазанғаповтар отбасы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған. Бастапқыда ағайын-туыстан жырақта өмір сүру оңайға соқпады. Ол кезде Қосшыда бүгінгідей қайнаған тіршілік жоқ. Бәрінен балалардың болашағы маңызды болды.

Ыбырай Қазанғапов, отағасы:

- Біз келген кезде бұл жердің бәрі таза дала болатын. 2001 жылы осы мешіт салынды. Осы жердің молдасы болып, қасынан үй салдық бала-шағамызбен.

Ақсақал ширек ғасыр бойы өзі тұрып жатқан қаланың дамуына бір адамдай үлес қосты. Қордаланған мәселелердің шешілуіне атсалысты. Қария - қазір еліміздің Құрметті азаматы және қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Айсұлу Сәрсенбаева, Қосшы қаласының тұрғыны:

- Ол кісінің еңбегі өте зор. Ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде де осы елдің қуанышында да қайғысында да барлығына араласып жүретін кісі.

Ал бұл - Ермағамбетовтер әулеті. Алтай ақсақал - тракторшы. Злиха әжей - алтын құрсақты ана. Қос бәйтерек 10 баладан 19 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Злиха Ермағамбетова, "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы, батыр ана:

- Ән, би болды. Шалым өлең айтты. Балаларым өлең айтты, немерелерім өлең айтты. Қандай өнеріміз бар соның бәрін ортаға салып көрсеттік.

Тағы бір өнегелі отбасылардың бірі Қарағанды облысының Ақадыр кентінде тұрады. Әулеттің тірегі Елубай ақсақал тоқсанның тұғырына шыққан, ал жанұяның ұйытқысы Шақтай әже 82-де . Биыл отасқандарына 65 жыл. Ақсақал мен кейуана 9 бала, 32 немере, 30 шөберенің қызығына бөленіп отыр.

Елубай Әміреұлы, "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы:

- Пойызда келе жатқанда екеуіміз танысқанбыз. Содан кейін барып үйлендік.

Осындай үлгілі отбасыларды дәріптеу мақсатында елімізде 2014 жылдан бері  "Мерейлі отбасы"  байқауы ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында, ұлттық жобаға 18 мыңнан астам жанұя қатысты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Айнұр Қуатқызы, Қорған Қонысбайұлы