Қарағанды облысында жұмысшы мамандыққа сұраныс жоғары

Қарағанды облысында түлектері 100 пайыз жұмыспен қамтылатын білім ордасы бар.

Жұмысшы мамандарды оқытатын колледж шәкірттерін ірі кәсіпорындар оқудың соңғы жылында-ақ қызметке шақырып алады. Бұл елдің өзге оқу орындарына үлгі болуы тиіс. Себебі Президент тапсырмасына сай биыл колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға ұлғайған.

Жұмысшы мамандық десе, қолына күрек алып жер қазған немесе тоз-тоз болған адамдар елестейді. Бірақ бүгінгі жұмысшы мамандардың жағдайы мүлдем басқа. Сенсорлық экран, автоматтық жүйені қашықтан басқару және ең заманауи станоктарда темір жону. Үшінші курс студенті Тимур Бердібеков бұл мамандықтың өлмейтінін біледі. Сондықтан осы бағытты әдейі таңдаған.

Тимур Бердібеков, студент:

- Болашақта біз металмен жұмыс істейміз. Демек барлық станоктармен токарьлық, фрезерлік, тесетін станоктармен жұмыс істей аламыз. Бұл мамандық өте сұранысқа ие, барлық жерге керек. Оқу бітірген соң біз осындағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырады. Сонда жұмыс істеймін деген ойдамын.

Шәкірттер зауыттар мен кәсіпорындарда үнемі тәжірибеден өтіп тұрады. Көбі тіпті сол кезде-ақ жұмыс тауып алады. Колледжде оқыту мен тәжірибе қатар жүреді. Мысалы Қарағандыда машина жасайтын зауыт бар. Ондағы жұмысшылардың 50 пайызы осы колледж түлектері.

Жәнібек Толғанай, өндірістік оқыту шебері:

- 15 шақты кәсіпорынмен жұмыс істейміз біз. Соларға студенттерді өндірістік практикаға жібереміз. Осындай мамандықтары Қарағанды облысында біздің колледж ғана дайындайды. Студенттерге сұраныс жоғары. Студенттердің талабына сай 100 пайыз жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Машина жасау колледжінде 8 мамандық бойынша 400-ден астам бала білім алады. Биыл олардың шәкіртақысы екі есеге ұлғайған. Келер жылы тағы 50 пайызға артады. Тамақ пен қоғамдық көлікпен қатынауы тегін. Биыл тек осы оқу орнына жұмысшы мамандықтарын игеруге 170 оқушы келген.

Владимир Закамолкин, Қарағанды машина жасау колледжінің директоры:

- Қазақстанда кәсіпорындар дамып келеді. Оған жұмысшылар қашанда жетіспей жатады. Біздің түлектер ескі де, жаңа да құрал-жабдықтармен жұмыс істей алады. Сондықтан осында оқитын токарь, слесарь, дәнекерлеуші сынды түлектер кез келген кәсіпорынға қажетті маман болып шығады. Биылдан бастап кәсіпорын өкілдерімен етене жұмыс істеп, түлектер колледж қабырғасында жүріп болашақ жұмыс орнын тауып қоятындай жағдай жасамақпыз. 

Қарағанды машина жасау колледжі келер жылы 70 жылдығын атап өтеді. Отбасылық династияларды шығарған білім ордасына айналған. Жақында түлектер облыстық «WorldSkills Kazakhstan» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Енді республикалық бәсекеде бақ сынамақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар