Жас мамандарымыз EuroSkills бәсекесінен қос жүлде жеңіп алды

Тарихи жетістік. Қазақстандық суденттер тұңғыш рет EuroSkills бәсекесінен қос жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

25 жасқа дейінгі мамандар арасындағы құрлықтық доданы биыл Польша қабылдады. Оған 32 елден 600-ден аса қатысушы жиналды. Соның ішінде қазақстандық Руслан Юсупов күміс жүлдегер атанды. Ол «Веб технологиясы» құзіреттілігі бойынша бақ сынаған болатын. Артынша Андрей Степанюк пен Станислав Горицин де «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» командалық байқауында үздік үштікті түйіндеп, жеңіс тұғырына көтерілді. Жарыс жеңімпаздарын Астана әуежайынан достары, туыстары және әріптестері күтіп алды.

Айта кетейік, Гданьск қаласындағы байқау 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құраманың сапында 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы бар.

Руслан Юсупов, EuroSkills байқауының жүлдегері:

- Жарыс өте қиын болды. 3 күн бойы барымызды салып, жүлдеге ілігуге тырыстық. Әсіресе команда мүшелерінің қолдауы кәдімгідей көмектесті. Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен марапат. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысамыз.