Астық кептіру кешендеріне дизель отыны бөлінуі мүмкін

Қостанай облысында диқандар 2 апта жауған жаңбыр салдарынан егін жинауды бастай алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде 4 млн 400 мың гектар жерге егілген астықтың 24%-і ғана жиналған. Техника сақадай сай болғанымен, алқапқа кіре алмайды. Комбайндар батпаққа батып, шаруалар әбігерге түскен. Бұған қоса дәннің ылғалдылығы да нормадан асып кетті. Жергілікті билік астық кептіру кешендеріне де жеңілдетілген дизель отынын бөлуді жоспарлап отыр.

Кенжеқозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Жаңбырдың салдарынан астықтың ылғалдылығы артып отыр. Оны қажетті деңгейде кептіргеннен кейін де тек бір бөлігі жарамды болуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның құрамындағы құнары кетеді. 4-5 сорттағы астық боп қалады.