Жетісу облысында омарташылар ауылы бар

Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылын көпшілік осылай атайды.

Себебі елді мекенде тұратын 300-ден аса отбасының 100 шақтысы ара бағады. Арасында омарташылықты ғасырлар бойы кәсіп етіп, ұрпақ сабақтастығын сақтаған әулеттер де кездеседі. Жаз жаңбырсыз болғанына қарамастан олар мол өнім алдық деп отыр.

Флюра Букееваның және жолдасының ата-бабалары ара шаруашылығымен айналысқан. Омарташылар әулетінде өскен балалары да осы кәсіппен шұғылданып жүр. Отбасының бірнеше омартасы тауда болса, біреуі өз үйінің ауласында тұр.

Флюра Букеева, омарташы:

- Мына кішкентай аралар қоршаған ортаға, адам баласына орасан зор пайда әкеліп жатыр. Омарташы болатын адам соны түсініп, табиғатты сүюі керек. Себебі табиғат тұтас адамзат баласын асырап отыр. Сондықтан оны көркейту қажет. Мысалы, біз жыл сайын ағаш егеміз.

Геннадий Родионов өткен жылға қарағанда 2 есе көп өнім алған. Ол араларын жаз бойы таудағы табиғи шөпке, ал күзге таман егілген көпжылдық жоңышқаға салған. Ауа райы қолайлы кездері әрбір ұядан 50 келі бал жинадық, - дейді омарташы.

Геннадий Родионов, омарташы:

- Өнімнің көптігі ауа райына байланысты. Яғни, ауа ылғалды және жылы болса, өнім көп болады. Биыл араларым өздерінің қысқы азығынан артылатындай, саудаға шығаруға жететіндей бал жинады.

Ара өсіруді кәсіп еткендердің көбі өнімін Лепсідегі зауытқа әкеліп өткізеді. Себебі өндіріс орнындағылар 100 шақты шаруамен келісімшартқа отырған. Олар өткен жылы омарташылардан қабылданған 50 тонна балды өңдеді. Ал биыл аталған көрсеткішті 2 есеге дейін арттырмақ.

Фархат Абузяров, зауыт директоры:

- Биыл да аралар үшін ауа райы қолайсыздау болды. Өйткені жаздың ыстығын айтпағанда құрғақшылық та байқалды. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда тәуба деп отырмыз. Өнім көлемі көп. Омарташылар да риза.

Зауытта сараптамадан өтіп, арнайы ыдыстарға құйылған бал Еуропаға, Қытайға және Жапонияға жөнелтіледі. Осылайша, Лепсі ауылының тұрғындары ғасырлар бойғы дәстүрді жалғап, отандық өнімнің экспортына үлес қосып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.