23 миллион түп ағаш егіледі

Солтүстік Қазақстан облысында орман қорын ұлғайту жұмыстары басталды.

Жыл соңына дейін өңірде 23 миллион түп ағаш егіледі. Бұл былтырғыға қарағанда екі жарым есе көп.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын». Солтүстікқазақстандық Жалғас Асқаров осы қағиданы ұстанады. Өзі бала кезінен орманшы болуды армандаған. Студент сәтін салса, келер жылы қолына дипломын алады.

Жалғас Асқаров, студент:

- Ауылда орман шаруашылығында жұмыс істейтін адамдар көп. Соларға қарап, қастарында өсіп, олармен жұмыс істеп, көмектесіп жүргенде өзіме қызық болып кетті. Болашақта ойлап тұрмын, 40-50 жаста болғанда, өз қолыммен үлкен ағаштарды егіп, орман өсіріп, соларды көрсем деймін.

Қазір орманшылар үшін жұмыстың нағыз қызған шағы. Соңғы күндері толассыз жауған жаңбыр көшет егуге қолайлы болып тұр. 

Бұл жер бұрын қайың орманы болған. Мамандар қазір қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәтін салса, алдағы 10-15 жылда бұл жерде қылқан жапырақты ағаштар өсіп шығады деген жоспар бар.

Бұл учаскеге осыдан бірнеше жыл бұрын қарағай көшеттері егілген. Бірақ басым бөлігін жабайы жануарлар жеп қойды. 

Тимур Звереченко, доцент:

- Ресей жақтан келген еліктер біздің жұмысты қиындатып жіберді. Сондықтан шетелдік мамандардың тәжірибесіне жүгінуге мәжбүр болдық. Яғни мына балқарағайлардың бәрін арнайы қоспамен өңдедік. Жағымсыз иісі бар. Енді алдағы 1-2 жыл бойы жабайы жануарлар оған жақындамайтын болады.

Жыл соңына дейін облыс аумағында 23 миллионнан астам ағаш егіледі. Көбі – қайың мен қарағай. Жұмыстар өңірдегі барлық шаруашылықта атқарылып жатыр. 2021-2025 жылдарға арналған орман алқаптарын ұлғайтудың кешенді жоспары бекітілді. Осы уақыт аралығында орман қоры 20 мың гектарға үлкейеді. Сонымен қатар келешекте мамандар тәжірибе ретінде жаңғақ ағаштарын егіп көрмек.

Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков, «Хабар 24», СҚО.