Қорғаныс саласы жаңа радарлармен толығады

Әуе қорғаныс күштері үшін екі жаңа радиолокациялық станция әзірленді.

Бұл туралы арнайы конструкторлық-технологиялық бюроның бас директоры Талғат Адамов мәлімдеді.

Тапсырыс қорғаныс саласындағы арнайы кәсіпорында орындалды. Онда еліміздің аумағында жоғары технологиялық ақпараттық жүйелер өндірісі жолға қойылып, шетелдік өндірушілерге тәуелділікті азайтуға баса назар аударылып отыр.

Бұл кәсіпорын әскерлерді әртүрлі типтегі 70-ке жуық радиолокациялық станциялармен қамтамасыз етті. Қазір Францияның қорғаныс концернімен бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 

Талғат Адамов, қорғаныс саласындағы кәсіпорынның бас директоры:

- Қазір біз екі жаңа радар жасап жатырмыз. Қазан айында бұл өнімдерді Сарышаған полигонында жұмыс режимінде әскерлерімізге көрсетеміз. Бір радар метр диапазонында, екіншісі дециметрлік диапазонда. Біздің Қорғаныс министрлігіне осындай радарлар жетіспейді.