Жолақы төлеуден жалтаратындар көп

Астанадағы қоғамдық көліктерде күн сайын 10-15 жолаушы билетсіз жүреді.

Бұл өз кезегінде автобустардың сапасын жақсартып, оларды жаңартуға кері әсерін тигізіп отыр. Биыл жолақысын төлеуден жалтарғандардың саны 139 мыңнан асты. Оларды анықтауда қандай жұмыс жүргізілуде?

Діттеген жеріне ақы төлемей жетем деген жолаушыға заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Қазір оның көлемі 2 айлық есептік көрсеткішке тең.

Жанар Қосмамбетова, көлік бақылау департаментінің менеджері:

- Күніне таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін жолақысын төлемеген 10-15 шақты жолаушылар жолығады. Оларды біз 102 полиция қызметкерлерін шақырып, әкімшілік хаттама толтырамыз. Көбіне жастар төлемейді. Жас аралықтары 20-дан жоғарылар көбінде төлемейді. Тексеріс барысында біз алдыңғы есіктен кіреміз. Сол кезде бізді көреді де бірден QR-төлемін жасап, карталарын қойып жатады.

Автобуста тегін жүруге болмайтынын түсінетін жолаушылар да жоқ емес. Жауапкершілікті аңғарамыз, қоғамдық көліктердің жағдайын жақсартқымыз келеді, дейді олар.

Блиц:

- Міндетті ғой негізінен. Көбісі төлемейді, иә. Өзім төлеймін.

- Мұнда бәрі тегін емес қой. Бәрі ақша. Жайдан-жай жүре бермейсің. Жүру үшін төлеу керек.

- Иә, мен күнделікті жүремін, жұмысқа барамын. Кешкісін қайтамын. Сол кезде міндетті түрде картамен төлеймін. Ол біздің міндетіміз.

Шынтуайтында қоғамдық көлік қозғалысына келетін шығын жыл санап өсіп жатыр. Өткен жылы жолақысын төлемегендердің саны 125 мың болса, биылғы сегіз айда 139 мыңнан асты. Жалпы жылдық шығын, әдетте, 3 миллиард теңгеге дейін жетеді екен.

Елордада 1 миллион 300 мыңнан астам халық тұрады. Оның, шамамен, 450 мыңында жеке автокөлік бар. Бұл қала тұрғындарының жартысынан астамы қоғамдық көлікті пайдаланады деген сөз.

Автопаркте 1200-ден астам автобус болғанымен, рейске шығатындарының саны 950-ге жуықтайды. Халық санының жылдам өсуін ескерсек, қазіргі таңда 300 қоғамдық көлік жетіспейді. Жауаптылар мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп отыр.

Жанат Бижанов, «CTS» ЖШС төрағасының орынбасары:

- Қалада 1125 автобус бар. Бірақ оның бәрі рейске шыға алмайды. Себебі тасымалдау ережесіне сәйкес, көлікте техникалық ақау анықталып немесе төтенше жағдай кезінде резерв болуы керек. Қазіргі мақсатымыз – автобус тапшылығын жою. Сонымен қатар қолданыстағы қоғамдық көліктердің жағдайын жақсарту. Сондай-ақ өз тарапымыздан жолақысын төлемегендерге рейд жұмыстарын күшейтіп, оларды жауапкершілікке тарту болып отыр.

Жолаушылардың жүргізген төлемі тікелей автопарктерге түседі. Сәйкесінше, ол ақшаға жаңа автобустар алынып, қоғамдық көлік сервисі жақсарады. Қысқы мезгілде көліктің жылы әрі автобус уақытының жиі болу да – осы төлемнің жүргізілуіне байланысты.

Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов, Диас Ковланбаев, «Хабар-24».