Елімізде 600-ден аса сарбаз әскерден кейінгі тегін оқуға жолдама алды

Елімізде 600-ден аса жас жігіт әскерден кейінгі тегін мамандық меңгеру мүмкіндігіне ие болды.

Қорғаныс министрлігі бұл үшін 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан. Мамандар жобаның оң нәтиже бергенін айтады. Қазір әскер қатарына қосылуға ынталы жастар көбейіп жатыр.

19 жасар Абылайхан Өмірзақ Отан алдындағы борышын өтеп келді. Қазір Еуразия ұлттық университетінің студенті. Қала құрылысын жоспарлау және кадастр мамандығын тегін меңгеріп жатыр. Ұлттық ұлан сапында өзін жақсы қырынан көрсеткен бұрынғы сарбаз мемлекет ұсынған мүмкіндікке дән риза.

Абылайхан Өмірзақ, студент:

- Сюрприз сияқты болды. Таңғалдым. Үйдегілерге айттым, олар да қуанышты болды. Әскерден келдім. Июнь айында құжаттарымды тапсырдым, сұхбаттамадан өттім. Маған түстіңіз деп хабарландыру келді. Енді оқып жатырмын.

Қорғаныс министрлігі 70 ЖОО-мен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты. Соның нәтижесінде 600-ден аса жас жігіт әскерден кейін тегін білім алуға мүмкіндік алды. Оның 16-сы осы Еуразия ұлттық университетінің студенті.

Ләззат Егеубаева, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы:

- 16 бала сол рұқсатнамасымен біздің ЖОО әңгімелесу түрінде емтиханнан өткен болатын. Бүгінгі таңда 9 білім беру бағдарламасының тобы бойынша осы талапкерлеріміз қазір қабылданды. Көбінесе ақпараттық технологиялар факультеті, сәулет, құрылыс факультеті, экономика факультеті, әлеуметтік ғылымдар факультеті, физика, техникалық факультеттерге талапкерлер өздері таңдаған білім беру бағдарламасы тобы бойынша біздің универститетке қабылданған болатын.

Әскери қызметшілерді оқытуға іріктеу "Срочники 2.0" ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Қазір онда Қорғаныс министрлігінің қарулы күштері, ұлттық ұлан, мемлекеттік күзет қызметінің 40 мыңға жуық сарбазы тіркелген. Келешекте бұл қатарды ҰҚК-нің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі толықтырады.

Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:

-  Жоба 2 түрде жүзеге асып жатыр. Әскери қызмет барысында жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздар тегін білім алуға мүмкіндік алады. Екінші жағдайы әрбір отан алдындағы борышын өтеген жауынгер ЖОО түсуге мүмкіндігі бар. Бірақ ақылы негізде. Оларға да ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндіктері бар. Қазіргі кездің өзінде біз жобаның толыққанды жүзеге асып жатқанын байқаймыз.

Айтпақшы, мұндай студенттер әскери кафедрада тегін оқуға құқылы. Кейін оларға лейтенант шені беріледі. Мамандар жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру жұмыстары оң нәтиже береріне сенімді. Жоспарға сай күзгі шақыртуда 35 мыңнан аса сарбаз әскер қатарына қабылданады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Руслан Әлиев