Павлодар қаласының тұрғыны денсаулыққа пайдалы бірегей тағамдар шығарады

Павлодар қаласының тұрғыны Махаббат Анаева денсаулыққа пайдалы бірегей тағамдар шығарады.

Жеңіл өнеркәсіптің бұл бағыты облыс нарығында бұрын-соңды болмаған. Ұзақ жылдар бойы жанар-жағармай саласында еңбек еткен кәсіпкер енді пайдалы азық-түлік желісін кеңейтуді көздеп отыр.

Бірегей кәсіп осындай аядай ғана цехтен басталды. Мұнда пайдалы астың кең түрі шығарылады. Бәрі адам ағзасына зияны жоқ шикізаттан әзірленеді.

Әлия Төлегенқызы, наубайшы:

- Ұжымымыз өте керемет. Қыздарымыз барлығы ашық. Жұмысымыз ұнайды өзімізге. Бәрі жақсы. Неше түрлі жаңадан салаға келген продукциямызды жасаймыз.

Пайдалы тағам шығару өңірде ғана емес, елімізде кенжелеп қалған кәсіп. Сондықтан бірегей бағытты дамыту асқан еңбекқорлық пен ізденісті талап етеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл істі қолға аларда  шетелдік тәжірибені тыңғылықты зерттеп, технологияларды бейімдеуге басымдық берген. 

Махаббат Анаева, кәсіпкер:

- Қант диабетіне шалдыққан туыстарым бар. Құрамында сахароза, глютен сияқты заттары жоқ тағамдарды іздеуде қиындық көрдік. Коронавирус пандемиясы кезінде мүлдем қиналып қалдық. Сол сәтте пайдалы азық-түлік өндірісін қолға алғым келді. Бұл технологиялық тұрғыдан аса күрделі іс. Біздің мақсат – таза отандық өнім шығару. Тағам құрамында глютен, казеин, лактоза сияқты заттар жоқ.

Қазір шағын наубайхана ішкі нарықта сұранысқа ие өнімдердің 23 түрін шығарады. Әр тағамды дайындауға бірнеше жыл уақыт кетеді. Кәсіпкердің мақсаты – тұтынушыны сапалы өніммен қамту.

Махаббат Анаева, кәсіпкер:

- Тұтынушыға барынша пайдалы тағам тасымалдауға тырысамыз. Оларды дайындау барысында тек Қазақстанда жасалған өнімдерді қолданамыз. Май, тұз, ірімшік, қарақұмық ұны болсын бәрін өзіміздің кәсіпкерлерден сатып аламын.

Бірегей өндіріс биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауында дараланды. Еңбекқор жанның ендігі арманы - сапалы өнімді еліміздің өзге қалаларына тасымалдап, заманауи технологияларға негізделген ірі цех ашу.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков