Қызылордада сұйытылған газ мәселесі шешілді

Қызылордалық кәсіпкерлер сұйытылған газға тиісті мөлшерде қол жеткізе алмаған.

Соңғы кезде автогаз құю бекеттерінен осындай шағым көбейді. Мәселені облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті зерделеп, газ бөлу жөніндегі комиссияның ережесінде адал бәсекелестіктің сақталмағанын анықтады. Соның салдарынан кейбір кәсіпкерлер сұйытылған газды негізсіз ірі көлемде сатып алған. Ал басқа кәсіпкерлердің үлесі тиісті мөлшерге де жетпеген. Осындай теңсіздік болмау үшін комиссия қаулысына өзгеріс енгізілді. Енді газ бөлу кезінде шет қалған кәсіпкерлерге 20 тоннадан 30 тоннаға дейін отын бөлінді, - дейді құзырлы орган мамандары.

Мұрат Сейтжаппар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл тек қана құрылған комиссияның ережелерінде көрсетілген сыбайлас жемқорлық тетіктері. Яғни, кәсіпкерлер бөлінген газдың мөлшеріне шағым жасау тәртібі бекітілмеген. Енді жаңадан қабылданған қаулыда барлық осы тетіктер жойылып, қалпына келтірілді. Яғни, кәсіпкерлер өзіне бөлінген мұнай-газ мөлшеріне келіспеген жағдайда олар комиссия мүшелеріне белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.