Алматылық слесарь қаланың жылу желілерін бес саусақтай біледі

Слесарь жұмысы оңай емес, ол жанқиярлықты, ерекше мінезді, кәсіби білімді қажет етеді.

Алматылық Дархан Оспанов дәл осындай қасиеттерінің арқасында слесарьлық қызметте табан аудармай 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Қаланың жылу магистральдарын, оны жөндеу жұмыстарын бес саусақтай білетін еңбек адамы туралы тілшіміз Гүлжан Көленқызы әңгімелейді.

Дархан Оспановтың «Алматы жылу жүйелері» мекемесінде еңбек етіп жүргеніне 18 жылдан асты. Жылу құбырларын жөндеуде алдына жан салмайды. Алмалы ауданына қарасты 11 учаске Дарханның жауапкершілігінде. Кейде апаттық жағдай болып қалса, басқа аудандарға көмекке барады.

Дархан Оспановтың жұмыс күні жылу желілерін тексеруден басталады. Ол күн сайын құбырларды бақылау үшін 15 шақырымға дейін жаяу жүреді. Бірінші кезекте орталық жылу пунктіне барады. Осы жерден барлық құбырлардың күйін білуге болады, - дейді Дархан. Тәжірибелі маман, құбыр ішіндегі судың дыбысына қарап-ақ қай жерде ақау бар екенін бірден біледі.

Дархан Оспанов, «Алматы жылу жүйелері» компаниясының слесарі:

- Мынау бізде орталық жылыту нүктесі дейміз, ЦТП деп қысқаша айтқан сөзбен. Біз бұл жерге келген кезде бұл жер тыныш тұру керек. Су құбырдың ішінде деңгейінде толып тұру керек. Ал егер мұның ішінде шулап, дыбыс болса, онда бір жері жарылған, тесілген, біз соны «обходчиктер» ашып, әрқайсысын қараймыз, мына құбырдың ішіндегі дыбыс тоқтамағанша біз қарап шығамыз.

Бір күнде Дархан 7 жылу камерасын бақылап үлгереді. Өшіру клапандарының, компенсаторлардың, дренаждардың және аспаптардың жағдайын тексереді. Бөлшектер мен тораптарды жөндейді. Ол өз учаскесіндегі жылу желілерінің әрбір метрін біледі. Кімнің қай болтты, қалай тартқанын дәл анықтай аламын, - дейді ол.

Дархан Оспанов, «Алматы жылу жүйелері» компаниясының слесарі:

- Менің істеп жатқаныма 18 жыл болды. Әр бұл жерде «грязовиктің» винтельдерін, бұрамасын, әрқайсысын тексеріп, күнделікті жұмысымызды қадағалап, майлап, «сальниктарын» ауыстырып отырып, әр дауысынан, құбырдың ішіндегі судың қозғалысынан біліп отырамыз.

Дархан Оспановтың әр күні ауыр қара жұмыспен байланысты. Бірақ ол ешқашан еңсесін түсірген емес. Керісінше, жарасымды қалжыңын  ұмытпайды.

Дархан Оспанов, «Алматы жылу жүйелері» компаниясының слесарі:

- Маған осы мамандығым өзіме ұнайды. Мына елдерге, балабақша, мектептерге су беріп, жылу берген қандай жақсы.

Дархан Оспанов өзінің кәсіби міндетіне адал. Жұмысын ұқыпты және мұқият орындайды. Осындай мамандардың арқасында алматылықтар жылу мен тіршілік нәрі үшін алаңдамаса да болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Қарлығаш Менаякова.