Қарағандыда 10 мың ІТ-маман жұмыс істейтін болады

2025 жылға қарай Қарағандыда 10 мыңға жуық ІТ маман жұмыс істейтін болады.

Осылайша кенді өлкеге шетелдік инвесторлар тартылады. Елдегі тұңғыш аймақтық ІТ-хаб Қарағанды қаласында орналасқан.

2021-ші жылы ашылған елдегі ең алғашқы аймақтық ІТ-хаб қазір аяққа тұрған сенімді компанияға айналды. Стартап авторларының жасаған бағдарламаларын бүгінде отандық және шетелдік компаниялар кеңінен қолданады. Мысалы Тимур Дүрмағамбетовтың тобы жасаған бағдарламалық робот бизнес саланы автоматтандыруға арналған. Нәтижесінде уақыт пен адам еңбегін үнемдеуге болады.

Тимур Дүрмағамбетов, ІТ компанияның жетекшісі:

- Мысалы 3 бухгалтер құжат деректерін енгізу үшін күніне 15 сағат уақыт жоғалтады делік. Ал біздің бағдарлама құжатты сканерлеп, деректемелерді автоматты түрде енгізіп, сол жұмысты өзі-ақ атқара береді.Тек қажетті алгоритмді көрсетіп берсе болды. Нәтижесінде мамандар күніне кем дегенде 3 сағат уақытын үнемдей алады. Бұдан өзге біздің бағдарлама маркетинг, сату саласында сізге қажетті клиентті тауып бере алады.

Бір қарағанда, мұның барлығы түсініксіз, әрине. Бірақ стартап иелері мұндай бағдарламалар болашақта біздің күнделікті қолданатын дүниемізге айналады дейді. ІТ хабтың биыл экспортқа шығарған өнімдерінің құны 400 мың доллардан асып жығылған. Мамандар 2025-ші жылға қарай бұл сома 1 млрд. долларға жетеріне сенімді. 

Сабыр Ниязов, "Терикон алқабы" ІТ-хаб директоры:

- Біз тұрақты түрде мамандарды тегін оқытып отырамыз. Қазір облыс бойынша ІТ маманның саны 5 мыңға жуық. Алдағы екі жылда біз олардың санын 10 мыңға жеткізсек дейміз. Бізде оқытудың бірнеше түрі бар. Бастапқыда біз бизнес модельдің құрылымын, шетелдік нарыққа шығу жолдарын үйретеміз.

Президент жыл сайынғы жолдауы кезінде елімізде инновацияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Ол Қазақстанды IT елге айналдыруды және елдің Еуразиядағы тораптық транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуды тапсырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтіп, білікті мамандарды даярлауға баса назар аударды.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар