Әуе күштерінің сапына жаңа әскери техника қосылды

Бұл техника «Жауынгерлік достастық-2023» оқу-жаттығуында сынақтан өтті.

«Сары-шаған» полигонында ТМД-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс жүйесі бойынша біріккен жаттығуы болған еді.

«Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуының мақсаты әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің дайындығын пысықтау. Сценарий бойынша әскерилер әкімшілік-өнеркәсіп орталықтарын, сарбаздар мен стратегиялық нысандарды әуеден төнетін қауіптен қорғауы тиіс. Ол үшін авиация, әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендері, оның ішінде жақында ғана пайдалануға берілген «Бук-М2» және «Тор-М2К» қолданылды. «Тор-М2К» заманауи тактикалық қаруларға, атап айтсақ шабуылдаушы ұшақсыз ұшу аппараттарына қарсы жақсы тойтарыс береді. 15 шақырым жердегі, 12 шақырым биіктегі нысанға дөп тиеді. Қазір біздің әскерде бұл кешеннің бір батареясы бар. Алдағы уақытта дивизион жасақтау жоспарланып отыр. Ол еліміздің елордасының әуе тыныштығын күзетеді.      

Серғали Әлімқұлов, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары:

- Мұндай мобильді және де тез орнынан қимылдайтын мұндай техникалар біздің әскерімізге оң деп ойлаймын. Сондықтан да жалпы оқу-жаттығулары, бүгінгі біздің жеке құрам осындай техникалармен тек қана бұл техника емес басқа техникаларменде моральдық-психологиялық жағдайы жауынгерлердің жоғары.

Қазан айында полигонда екі жаңа радиолокациялық станция сынақтан өтеді. Бірі метрлік, екіншісі дециметрлік радар. Станциялар 350-400 шақырымдағы нысанды ажырата алады. Екеуіде қазақстандық өнім. Оларды «Гранит» қорғаныс кәсіпорнының мамандары жасаған.

Талғат Адамов, "Гранит" кәсіпорнының бас директоры:

- Қазіргі таңда біз әскерге жыл сайын жеті радар беріп отырмыз. Біз жасаған жаңа радарларға сұраныс жақсы. Полигондық сынақтан біздің кәсіпорында өтті. Мұндай радардың нешеуі керек екенін біздің Қорғаныс министрлігі анықтайды.

«Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуында Қазақстанда жасалған және шетелден алынған ұшақсыз ұшу аппараттары да қолданылды. Елімізде мұндай техниканы «Қазақстан Инжиниринг» компаниясы жасайды. Екі түрі авиация ұшқыштары үшін нысан ретінде пайдаланылды. Барлау, дәлдігі жоғары қарумен соққы жасау-бүгінде жиі кездесетін тәсіл

Ғани Байсейітов, "Қазақстан инжиниринг" АҚ жанындағы ҒЗО бас директоры:

- Қарулы күштерімізді отандық ұшақсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз етуге біз дайынбыз. Өйткені біз 5 жылдан бері осы мәселемен айналысудамыз. Мынау біздің таза өзіміздің қазақстандық өнім. Біз сол жағына кепіл береміз.

Тағы бір маңызды мәселе әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерін жаңарту. Бүгінде белорустық қорғаныс кәсіпорындарымен бірге С-125 зенитті-ракеталық кешендерге модерназация жасалып жатыр. Осындай шаруа Қырғызстанда да қолға алынды. Сондықтан көршілеріміз Сарышаған полигонындағы жаттығуға белсенді қатысып отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Радик Жакупов