«Хабар» арнасында Еңбек күніне арналған телемарафон өтеді

«Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары 22 қыркүйекте жарияланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл қатысуға 591 адам өтініш білдірген. Еңбек адамдары өңірлік және республикалық деңгейде 2 кезең бойынша бақ сынады. Байқау жыл сайын еңбек күнін мерекелеу аясында өтеді. Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні. Алдағы жексенбіде «Хабар» телеарнасында Еңбек күніне арналған 4 сағаттық телемарафон өтеді. Онда түрлі өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін азаматтардың еңбегі көрсетіледі.

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Биыл бұл айтулы күн 24 қыркүйекке тұспа-тұс келіп отыр. Еңбек күні – бұл күнтізбедегі нағыз еңбек мерекесі ғана емес, сонымен қатар жұмыс өмірінің сапалық көрсеткіші. Еңбек өмірінің сапасы дегеніміз – бұл тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз жұмыс ортасы, еңбекақының лайықты деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер.