Парламентте солтүстіктегі су желілерін жаңарту мәселесі талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысындағы 3 мың шақырымдық ауыз су желісінің 63 пайызы тозған.

Өңір сумен жабдықтау көрсеткіші бойынша 16-орында тұр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Әсем Рахметова айтты. Сенатордың айтуынша, теріскейдегі ағайынды тіршілік нәрімен қамтуға топтық су желілеріндегі жаңғырту жұмыстарының созылып кетуі кедергі келтіріп отыр. Мәселен, Преснов су желісін жөндеу арқылы 14 елдімекен мен 1 қалаға су жеткізу көзделген. Жоба 9 жыл бұрын қолға алынды. Алайда, жұмыстың 56 пайызы ғана орындалған. Келесі жылы жобаны жалғастыру үшін тағы 1 млрд теңге қажет. 

Әсем Рахметова ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Екінші Соколов топтық су желісін қайта салу. 14 ауылға су жеткізетін жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру 2018 жылы басталған. Жалпы құны 5 млрд 969 млн теңге. 5 жылдың ішінде жұмыстың 31 пайызы ғана орындалды. 2021 жылдан бері ұзаққа созылған сот процестері жүріп жатыр. Келесі жылға қосымша 1 млрд теңге қажет. Үшінші Булаев топтық су құбырын қайта жаңарту жобасы. Тайынша ауылының 14 ауылы мен Ақжар ауылының 5 ауылын сумен қамтамасыз ететін бұл жобаға да келесі жылға 1 млрд теңге қажет.