Сенат «Қоғамдық бақылау туралы» заңды мақұлдады

50 мыңнан аса дауыс жинаған азаматтық ұсыныстармен енді үкімет айналысады.

Яғни, петиция үкімет деңгейінде қаралады. Сенат «Қоғамдық бақылау туралы» заңды мақұлдады.

Қорған Қонысбайұлы:

- Петиция – латынның petitio деген сөзі. Өтініш дегенді білдіреді. Яғни бұл бұқараның билікке жолдайтын жазбаша өтініші. Жалпы петиция ұғымы біздің жұртқа жат емес. Осыған дейін талай қол жиналған. Бірақ, оның бәрі бейресми саналды. Сосын да шешім қабылданбайтын. Енді петиция заңдастырылды. 

Сенат бүгін «Қоғамдық бақылау туралы» заңды мақұлдады. Сонымен петицияны міндетті түрде қарау үшін дауыстың шекті саны белгіленді. Мысалы аудандағы тұрғын саны 50 мыңнан асса, ол кезде 2 жарым мың дауыс жиналуға тиіс. Ал 50 мыңға жетпесе, тұрғындардың кемінде 5 пайызы жолданатын ұсынысқа қол қоюы керек. Облыстық деңгейдегі әкімдіктердің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жұртшылықтың 1 пайызы, мәслихаттар қарайтын сұрақ болса азаматтардың 2 пайызы дауыс беруі қажет. Ал республикалық деңгейде, яғни үкімет құзыретіне жататын мәселеде кемінде 50 мың дауыс қажет. Бірақ, барлық сұрақ петициямен шешілмейді. Заңда тыйым салынған 17 бөлім бар.

Данияр Қадыров  ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Әкімшілік-аумақтық құрылымдар бар, шекарамыз бар, тіл мәселесі бар, құқықтық-конституциялық заңдар бар, сайлау туралы, референдум туралы, сот жүйесі туралы, прокуратура туралы, сонымен бірге мынау арнайы қызметтердің қызметіне байланысты қаралмайды. Сонымен қатар мемлекепттік құпиясы бар сұрақтар қойылмайды. Сонымен қатар Президент және екі Парламент палаталары және үкіметтің құқығына кіретін лауазымдарды тағайындау мен орындарынан алу мәселесі қаралмайды. Өйткені ол конституциялық заңдармен, референдуммен ғана қарастырылады.

Президент, парламент, үкімет құзыретіне кіретін мәселелерге петиция жүрмейді. Яғни, әкім, министрлер қызметінен дауыс беру арқылы босатылмайды. Вице-министр айтқандай мұның бәрі ең жоғары заң – конституциямен реттелген. Сонымен енді не өзгереді? Сенат спикері жаңа құжаттың артықшылығын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бұл заңдар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, азаматтардың мемлекеттік процестерге қатысты пікір білдірудің қосымша тетігі ретінде петиция институты енгізіледі. Мұндай нормалар маңызды шешімдер қабылдар кезде азаматтардың пікірін барынша ескеруге мүмкіндік беруге тиіс. Мақұлданған заңдар алдағы уақытта қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.

10 күннің ішінде мәдениет және ақпарат министрлігі петицияның заңға сәйкестігін қарайды. Сөйтіп ұсыныс ақпараттық платформада жарияланады. Петицияға барлық азамат қатыса алады. Тиісті шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы қабылдайды.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы