Елде құрылыс сапасына мемлекеттік бақылау күшейеді

Келер жылдан бастап заңсыз құрылысқа жол бермейтін бірқатар жаңа талаптар енгізіледі.

Яғни, бірыңғай қала құрылысы сараптамасы қолданысқа енбек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, сараптамадан оң баға алмаған барлық деңгейдегі құрылыс жобалары қабылданбайды. Мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша жаңа құралдар әзірленді.  Қазір саланы автоматтандыру, цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, нысандарды заңсыз, бейберекет және тығыз салуға жол берілмейді.

Бақытжан Жүнісбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Өңірлерде қала құрылысын дамытудың жүйелі жоспарының болмауынан бірқатар мәселе туындап отыр. Мәселен инженерлік желілердің қуаты жетпей, нысандарға шамадан тыс жүктеме түсіп жатады. Жолдағы кептелістерді айтпаса да түсінікті. Кей әкімдіктер егжей-тегжейлі жоспар әзірлеу кезінде бас жоспардың жобалық шешімдерінен негізсіз ауытқып кетіп жатады. Салдарынан инфрақұрылымсыз бейберекет салынған құрылыстар қиындық туғызады.