А. Аймағамбетов: МӘМС жүйесінде кемшілік көп

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында енгізілген ақпараттық жүйеде кемшілік көп.

Бұл туралы елордадағы емдеу мекемелерінің жағдайымен танысқан мәжіліс депутаттары айтты. Бүгін Астанадағы бірқатар емхана мен аурухананы арнайы аралаған мәжілісмендер тұрғындар мен дәрігерлердің шағымын тыңдады. Мәселен, медициналық қызмет алу үшін емделушілер апталап, тіпті айлап кезек күтуге мәжбүр. Консультациялық-диагностикалық қызметке тіркелу кезінде де осындай мәселелер туындайды. Мұнда депутаттар, медицина қызметкерлеріне арналған екі дерекқорды біріктіру кезінде дәрігерлердің қандай қиындықтарға тап болатынын да көрді. Бұл мәселелер алдағы Үкімет сағатында талқыланбақ.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- МӘМС жүйесі бойынша сұрақ тым көп. Мәселелерді көтеріп қана қоймай, оған заңнамалық тұрғыда өзгерістер керек болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Айына осынша адам келеді, соған ғана қаражат алады деген сызықтық шкала бойынша қаржыландыру жүйесі енгізілген. Осы шешімнің кесірінен азаматтар зардап шегуде. Сондай-ақ балалар мен ересектер ауруханаларына мемлекеттен төленетін қаржы бойынша тариф айырмашылығы өте үлкен. Бұдан бөлек науқастардың медицина қызметкерлеріне қол көтеру мәселесін де айтып қалды. Сондықтан дәрігерлерді қолдау үшін кешенді шаралар қабылдауымыз қажет.