Әскери кемелер Каспийде нысана көздеді

Каспий теңізінде елдің әскери кемелері қашықтан нысана көздеп, түрлі калибрдегі атыс қаруларын сынап көрді.

Теңізшілер су бетіне тасталған миналар мен әуе шарларын жоюда мергендік танытты. Десанттар мен сүңгуірлер тобы жүк тасушы кемені заңсыз қаруланған топтан азат етті. Әскери теңіз күштері судағы ұрыс тәсілдерін қайталады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Әдетте теңізшілер дәл осындай қызыл түстес шарды әуе нысаны ретінде қолданады. Шар 100-120 метр биіктікке көтерілген соң калибрі 30 миллиметрлік артиллериялық қондырғымен жойылады.

Матрос Айбек Сейниязов Семей қаласының тумасы. Ол әскерге өз еркімен келгенге дейін Каспийді көрмеген. Қазір ала жолақты жейде киіп, әртекті кемелер дивизионында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Әкесі де теңізші болған. Айбек мерзімді әскери қызметті аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсіп, теңіз офицері болуды армандайды.   

Айбек Сейниязов, "Орал" зымыранды-артиллериялық кемесінің матросы:

- Маған берілген тапсырма - су үстіндегі нысанды анықтап, өзімнің басқарма пунктіне баяндаймын. Әскерге 2022 жылы 13 қазанда шақырылдым. Қазір міне үйге қайтуға да шамалы күндер қалды. Әскери теңіз күштерінде өз міндетімді атқарып жатқаным мен үшін мақтаныш. 

Теңізшілер су бетінде мина ретінде тасталған бөшкелерді ірі калибрлі пулеметтен және автоматтан атудан да мергендік танытты. Тактикалық жаттығулар тек атыспен аяқталмайды. Кеме экипажы кез келген қатердің бетін тойтаруға дайын болуы үшін оқу бағдарламасы үнемі өзгеріп тұрады. 

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жаттығу бағдарламасына сәйкес кеме бортына снаряд тиді. Қозғалтқыш өртеніп, кеме экипажына қауіп төнді. Жалын ошғаныа авариялық құтқару жасағы жұмылдырылды. Оларға берілген тапсырма - өртті сөндіріп, трюмде қалған жаралы теңізшіні құтқару.

Шахрух Әбдіразақов, "Орал" зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі:

- Әскери теңіз флотында зымыранды-артиллериялық кемелер бар. Соның бірі - осы «Орал» кораблі. Жауынгерлік су көлігі озық үлгідегі навигациялық және байланыс құралдарымен жабдықталған. Ашық теңізде күші 7 балдық толқынға төзімді. Су бетінде және теңіз түбінде байқалған күдікті обьект назарымыздан тыс қалмады. 

Жұмабек Хасенов, ҚР ҚК Әскери теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары:

- Әскери теңіз күштеріне жан-жақтан келіп жатқан жас сарбаздарымыз өздерінің міндеттерін жақсы атқаруда. Ақтөбе қаласындағы әуе қорғанысы күштерінде әскери теңіз күштерінің факультеті ашылды. Бұрын офицерлерді оңтүстік Корея, Индия, Ресей, Қытай елінде дайындасақ енді өзіміздің қазақ жерінде әскери теңіз күштерінің офицерлерін дайындайтын боламыз. Осыдан 4 жылдан кейін ең бірінші жас офицерлеріміз шығады деп сенеміз. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның әскери теңіз флоты 20-ға жуық әртүрлі мақсаттағы кеме мен катермен толықты. Басым бөлігі отандық зауытта құрастырылған. Судағы әскер құрамындағы 1 мыңнан аса  матрос пен офицер ел күзетінде жүр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев