Алматы облысының кәсіпкері саумалдан капсула жасайды

Алматы облысының тұрғыны саумалдан капсула жасап, ешкі сүтінен ұнтақ дайындайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болат Аманбаев 6 жылдан бері халықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Қарапайым фармацевтің кәсібі саумалға деген сұраныстан пайда болған. Кәсіпкер жексенбіде «Хабар» арнасында өтетін «Адал еңбек» телемарафонына қатысады. 

«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болар» деген қанатты сөзді ту еткен Болат Аманбаев – еліміздегі тың саланы игеріп отырған кәсіпкер. Фармацевтің саумал мен ешкі сүтінен таза ұнтақ өндіру туралы идеясы отбасынан басталған. Үлкен ұлы тұмауын емдеу үшін таңғы сағат 6-да саумал кезегіне тұрады екен. Осылайша, саумалды тұтынушыларға қолжетімді ету үшін ұлттық сусынды 50 жыл зерттеген ғалым Зұлқарнай Сейітовтың кеңесіне жүгініпті.

Болат Аманбаев, кәсіпкер:

- Минус 40 градусқа дейін бұл вакумда қатырылады, біріншіден, сол сүт. Одан кейін 24 сағаттың ішінде минус 45 градустан плюс 50 градусқа дейін бұл сүт кептіріледі. 350 литр құйылған сүттен 30 келі құрғақ ұнтағын аламыз да, ешқандай қоспа қоспай, сол ұнтағын біз вакумда жасаймыз. Саумалды біз капсула түрінде шығарамыз.

Ал ешкі сүтінен алынған ұнтақ алюмийнді контейнерлерге қапталады.   Осылайша, ұлттық сусынды заманауи өндіріс тәсілімен дайындайтын азамат 2017 жылдан бері кәсібін дөңгелетіп отыр. Болат Аманбаевтың бастамасын жақындары қолдап, досы Асылжан Тасқымбаев серіктес болған. Қазір тәулігіне 250 литр саумал мен 100 литр ешкі сүтінен ұнтақ өндіреді 

Асылжан Тасқымбаев, Б. Аманбаевтың серіктесі:

- Енді ешкім Қазақстанда жасмаған нәрсені өзің бірінші жасауға әр адам қорқады. Біріншіден, ол істеп жатқан жұмысқа қанша уақыт кетіресің, қанша ойың кетеді, қанша ұйықтаған жоқпыз осыған бола. Былай жүрмей қалса деп түнімен ойланып шығасың.

Кәсіпкердің айтуынша, күніне 250 литр саумал жинау оңай емес. Ол үшін кемі 40 бие сауылады. Дегенмен таза өнімге деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Ішкі сұранстан бөлек, көрші елдерге де экспорт көлемі көбейген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.