БҚО-ның Қайнар ауылында фельдшер-акушерлік пункт ашылды

Батыс Қазақстан облысының Қайнар ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды.

Жаңа ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріліп отыр.

700-ге жуық адамы бар Қайнар ауылы Оралдан небәрі 30 шақырым қашықта орналасқан. Алайда шам жарығы түбіне түспейтіні рас. Қаланың іргесінде отырса да, тұрғындар бұрын сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайтын. Бас ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына баратын. Енді ол қиындықтар артта қалды. Еңселі жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. 

Жәмила Мұқанова, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Переметныйға бардық, Ростошиға бардық. Ростошиға біздер жазылдық, анда доктор болды. Анализ тапсыруға Переметныйға бардық. Солай жүрдік екі ортада. Қазір бір жерде болады деп жатыр ғой. Рахмет, мемлекетімізге рахмет! Үлкен кісілерміз ғой. Үлкен кісілерге жақсы жағдай жасап жатыр. 

Жаңа нысанда процедуралық, фельдшерлік және акушерлік кабинеттер орналасқан. Екі білікті маман халыққа қызмет көрсетеді. Өзге де қажетті медициналық құралдармен, жиһазбен, компьютермен қамтылған. 

Дәмір Арыстанов, Қайнар ауылының фельдшері:

- Бұрын екі пәтерлі үйдің бір жағында орналастық. Тар болды. Күндізгі стационарға бөлме болмады. Көмір жақтық, енді көгілдір отынмен жылытамыз. Бұрын су да болған жоқ. Қазір барлық жағдай жасалған. Мына жерде сырқаттардан сынама аламыз. Дәрігерлерді шақыртып, тұрғындарды медициналық байқаудан өткізуге де болады. 

Фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. 2025 жылдың аяғына дейін өңірде 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу көзделген. Осы мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаралды.  

Ерлан Тоқсанов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Халық санына байланысты, ондағы медициналық нысанның ескіруіне байланысты шешіледі әрине. Мына жалпы 50 адамнан 500 адамға дейін мед пункт, 500-1000 адамға шейін ФАП, одан жоғары, мыңнан жоғары  дәрігерлік амбулатория. Биыл облыста салынып жатырған 12 нысанның 4-і дәрігерлік амбулатория, қалған 8-і ФАП. 

Облыста жоспарланған 50 медициналық нысанның 12-сі биыл салынады.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов