«Хабар» телеарнасы Еңбек күніне орай ауқымды телемарафон өткізді

4 сағат тікелей эфир. «Хабар» телеарнасы Еңбек күніне орай ауқымды телемарафон өткізді.

«Адал еңбек» деп аталған жобада қызметте ерекшеленген отандастарымыз өздерінің кәсіби жетістіктері жайлы айтып, жүріп өткен жолдарын баяндады. Сондай-ақ, марафон барысында еліміздің түкпір-түкпірімен, алыс-жақын шетелдермен де тікелей эфирде байланыс орнатылып, еңбек адамдарымен сұхбат құрылды.

Риат Шони, тілші:

- Режиссердің пәрмені, көгілдір экрандағы әдемі картина. Бұл Хабар телеарнасында «Адал еңбек» атты телемарафонның сыртқы көрінісі. Иә, бүгін елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісі дәстүрге сай еңбек күні атап өтіледі. Соған орай Хабар телеарнасы 4 сағат бойы тікелей эфирде нағыз еңбек адамдарымен тапжылмай сұхбат құратын болады.

Кадр сыртында қарбалас. Телемарафон басталмас бұрын барлығын мұқият тексеріп алған маңызды. Себебі, тікелей эфир кезінде қателікке жол берілмейді.

Жайна Сламбек, "Хабар" телеарнасының директоры:

- Барынша дайындалдық. Қызық историялар іздедік. Қызық историялар деп тұрғаным – айтатыны бар, өз ісінің шеберлері, профессионалдар сондай азаматтарды, адамдарды іздедік. Бұған дейін де айтылғандай еліміздің бірнеше нүктесінен тікелей қосылымдар болады немесе арнайы репортаждар, сюжеттер болады. Ал ең бастысы әріптестеріміз студияда қонақтармен сұхбаттасады.

Сұхбатты студия төрінде Мөлдір Доспаева, Сергей Гергиль, Алмас Тоғай және Сағыныш Әбікей сынды арнаның танымал жүргізушілері алды. 4 сағат бойы тікелей эфирді осы төртеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізді.

Сағыныш Әбікей, жүргізуші:

- Еңбек жолында тер төккен талай майталмандар, әр саланың өз майталмандарымен сұхбаттасатын боламыз. Олардың еңбек жолымен, өмір жолымен таныстырып қана қоймай, тікелей эфирлерге қосыламыз сол өңірлерден, Яғни әр сала мамандарының өзінің кәсіпорны болса, немесе еңбек орындарымен тікелей байланысқа шығып, жалпы жұмыс үстінде қайнап жатқан процесстерін көрсететін боламыз.

Бүгінгі «Адал еңбек» телемарафонына келген қонақтар – сан салада тер төгіп жүрген адамдар. Бірі кәсіпкер, енді бірі машина құрастырушысы. Мамандықтары бөлек болғанымен, бұл жандарды еңбегіне деген адалдығы біріктіреді. Студияға келгендердің қатарында өз ісіне деген сүйіспеншілігімен тәнті еткен Тукубаевтар әулеті де бар. Теміржол саласындағы бұл отбасының жалпы еңбек өтілі 616 жыл. Бұл көрсеткішпен Тукубаевтар әулеті Қазақстандық КИНЭС рекордтар кітабында "Мамандығына берілгендер" атты жаңа парақты ашты.

Әулеттің арғы атасы Мәукен Тукубаев өзінің еңбек жолын сонау 1930-шы жылдары теміржол саласында бастаған. Түрксіб шойын жолын салуға да ат салысқан. Содан бері әулеттің төртінші буыны ата кәсіпті меңгеріп, адал еңбек етіп келеді.

Ғалымбек Тукубаев, "Семей" магистральды желі бөлімшесінің жетекші инженер-технологы:

- Семьяда 8 бала болсақ, жетеуіміз темір жолда істейміз. Сондықтан да бізді шақырып отыр. Рахмет! Темір жолдың жанында тұрғаннан кейін темір жолдың иісін иіскеп, темір жолға байланысты болғаннан кейін целенаправленно өзіміз саналы түрде темір жолға келдім. Мақтан етемін.

Сондай-ақ, 4 сағат бойы үзіліссіз тікелей эфирде өткен телемарафон барысында сұхбаттардан бөлек, көрермендер үшін концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылды.

Авторларыры: Риат Шони, Арман Ақшабаев