Алакөлде балық аулау квотасы көбейді

Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағынан өткен жылға қарағанда 600 тоннаға көп балық аулауға рұқсат етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балықшылар бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келген еді. Енді, міне, көлге ау салған қауымның талабы орындалып, табысын еселеуге мүмкіндік беріліп отыр. 

Балық аулау – Руслан Қасеновтың жеті атасынан бері жалғасқан кәсіп. Сондықтан бұл саланы ол бүге-шігесіне дейін біледі. Балықшы көлге шығарда міндетті түрде ауа райын бақылайды. Себебі салқын самал желдің өзі көлдегі толқынды күшейтіп, өміріне қауіп төндіруі мүмкін.  

Руслан Қасенов, балықшы:

- Күнделікті қазір бір жәшік балық ұстаймыз. Мынадан аз шығуы мүмкін. Жел бар несі бар. Желді күні дұрыс балық та шықпай қояды. Күнкөріс енді. Айына 10 күн шығамыз. Кейде ол да болмай қалады. Күнде жел.

Алакөлдің жағалауында орналасқан Қамысқала, Ұялы, Жайпақ сынды ауыл тұрғындары балық аулаумен күн көреді. Биыл олар үшін квота көлемі көбейтілді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Айдынды Алакөлдің Жетісу облысына қарасты аймағынан былтыр 800 келіге дейін балық аулауға квота берілген. Ал биыл 1400 тонна су маржанын сүзуге рұқсат беріліп отыр. Бұл өз кезегінде балықшылардың әлеуетін арттырып, тұрмысын жақсартуға ықпал етпек.

Ауланған балық арнайы қабылдау пунктіне өткізіледі. Шағын цехта өнім бірнеше бөлікке бөлшектеледі. Ал сүйегінен мал азығына қажет ұн жасалады. 

Самал Смағұлова, цех қызметкері:

- Ауылымызда Көксерке балығын өңдейміз. Балығымыз өте сапалы бағалы, филесін, «ушкиін» аламыз. Бәріне ақша төленеді. Жұмысымыз жақсы. Жалақымыз кескен балығымызға сай. 300-ге жиі барамыз.

Биыл құзырлы құзырлы орган өкілдері заңсыз ауланған 1,5 тонна балықты  тәркілеген. Бірақ бұл өткен жылмен салыстырғанда аз, - дейді саладағылар. 

Қалихан Жұманқұлов, Алакөл балық инспекциясының бастығы:

- Биыл 8 айда 26 заңбұзушылық, оның ішінде 2 қылмыстық, әкімшілік материал бар. Заңбұзушлық болғанда құжатсыз жұмыс істейді, қытайдың ауын салады, рұқсат етілмеген. Уылдырық шашқан кезде де броконьерлер ұсталады. Былтырғыға қарағанда аздау енді.

Алакөл маңындағы шағын көлдерде 7 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Олар жыл сайын 70 мың шабақты су айындарына жібереді. Мұндай шара табиғаттың тепе-теңдігін бұзбай, тұтас экожүйені сақтауға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.