Бакуде «Түркі әдебиетінің сөз шеберлері» атты конференция өтті

Бакуде «Түркі әдебиетінің сөз шеберлері» атты халықаралық конференция өтті.

Оның аясында жергілікті жұртқа бұрыннан белгілі жазушылардың әзербайжан тіліне аударылған кітаптары таныстырылды. Арасында Кемел Тоқаевтың да еңбегі бар. Сонымен бірге аты әйгілі әзербайжан қаламгері Мир Джалал Пашаевтың туындысы қазақ тілінде паш етілді. Халықаралық іс-шараға қатысқан мәртебелі меймандар қатарында Әзербайжанның Мәдениет министрі Әділ Керимли, бауырлас елдегі Қазақстан елшісі Әлім Байел, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев та бар.

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың кітабын әзербайжан тіліне жазушы Нариман Абдулрахманлы аударды. Алғысөзін Әзербайжан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, Халық жазушысы Шыңғыс Абдуллаев жазған.

Шыңғыс Абдуллаев, Әзербайжанның халық жазушысы:

- Кемел Тоқаев Қазақстанда бұрын болмаған жанрдың негізін қалады. Оның туындыларын ертеден қызыға оқитынмын.

Ал қазақстандық оқырмандар танымал әзербайжан жазушысы, ғалым әрі педагог Мир Джалал Пашаевтың туындысымен танысуға мүмкіндік алды. Қазақ тіліне қламгердің "Таулардың жүрегі" атты кітабы аударылған.

Хафиз Пашаев, Ада университетінің ректоры:

- Әзербайжан мен Қазақстан оқырмандары екі атақты автордың кітаптарымен таныса алады. Елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайта беруіміз керек. Екіжақты байланысты мәдениет пен әдебиет арқылы дамытуға болады.

Әлім Байел, Қазақстанның, Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Бүгінгі іс-шара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымызда тағы бір маңызды белес болды. Жалпы бүгінде байланыстарымыз жаңа деңгейге шығып отыр, стратегиялық әріптестік деңгейінде. Әрине барлығынан бұрын президенттеріміздің арасындағы тығыз диалогтың арқасында жалпы біздің тарихымыз ғана емес, бүгінгі дүниетанымымыз, құндылықтарымыз ортақ. Сондықтан менің ойымша келешегіміз де ортақ. Әзербайжан Қазақстанмен әрқашан бірге болмақ.

Түркі әдебиеті шеберлерінің туындыларын таныстырудан бөлек Бакуде кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева