ҚМДБ еріктілер форумын өткізді

Игілікке бастайтын ізгі шаралар мен мейірімділікке үндейтін еріктілер.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында бүгін «Қайырымдылық жаршылары» атты еріктілердің форумы өтті. Осыдан тура бір жыл бұрын бас мүфтият қолға алған тың жобалар қорытындыланды. «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқысымен бір жылда 50-де аса іс-шара атқарылып, оған 5 мыңнан аса волонтер тартылған. Сондай-ақ, Екібастұз қаласындағы қыста болған апатты жағдай, Абай облысында, Атырау және Астана қалаларындағы алапат өрт кезінде осы еріктілердің еткен еңбегі ерен болды. Бүгін  «Қайырымдылық жаршылары» форумында оларға алғыс айтылып, құрмет көрсетілді. Сондай қошаметке ие болғандардың бірі Абай облысындағы Озерки ауылдық мешітінің бас имамы – Нұрбек Қамзаханов. Орманнан өрт шыққа кезде ауыл жамағатын ұйымдастырып, өрт сөндірушілер мен әскерилерге қолдан келгенінше көмек көрсетіп, қолқабыс жасады.

Нұрбек Қамзаханов, Абай облысындағы Озерки ауылдық мешітінің бас имамы:

- Яғни, ол көмек біріншіден тамақ, ыстық тамақ, екіншіден киім-кешек. Үшіншіден олардың қиналып қалмауы үшін қандай да қажетті заттарды жеткізіп тұрушылар болдық. Озерки ауылдық мешіті, және де Бородулиха ауылдық мешіттерінің және де бүкіл Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының тұжырымдауымен, амалдарымен 283 үйге тамақтай және де ақшалай қаражат көмек қылды.

Сондай-ақ форум кезінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрт шыққан кезде қандай іс-әрекет жасау керегін көрсетті. Жиына қатысушы еріктілер осылайша, алғашқы іс-қимылды қалай жасау керегіне қанығып, халықты қауіпсіз жерге көшіруде не ескеру қажеттігін үйренді. 

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфті:

- Қазақ деген сондай қасиетті халықпыз, әрқашан біреуге жанымыз ашыған. Бір жағдайды көргенде бірден барып көмектескіміз келіп тұрады. Сол кезде біздің еріктілеріміз сондай жағдайға тап болған кезде нені ескеру керек? Бір адам суға түсіп кетуі мүмкін, оны құтқару үшін өзі де суға кетіп қалмай керек. Сондықтан осы қауіпі жағдайларда өзінің қауіпсіздігін сақтау керек. Өзгенің қауіпті жағдайға түскен кезде қалай көмектесу керек. Осы бағытта бізге семинар өткізіп жатыр, осыны Алла қаласа, өңірлерде бірігіп біздің еріктілерге үйрететін болады.