234 мың адамға материалдық көмек көрсетіледі

Республика және Қарттар күні қарсаңында зейнеткерлерге, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, жеңілдіктер соғыс ардагеріне теңестірілген қарияларға және басқа да санаттағыларға біржолғы материалдық көмек беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай қолдауға Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Ұлытау облыстарында тұратын адамдар ие болады. Яғни, аталған аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар осы көмек түрін өз бюджеттеріне енгізген.

Жалпы 234 мың адамға 2-ден 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық қолдау көрсетілмек. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты. Биыл егде адамдарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бөлінген. Ал елде 2 миллион 300 мың зейнеткер бар.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 54%-тен 60%-ке дейін, ортақ зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасы 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылады. Нақты цифрмен айтсақ, 158 мыңнан 189 мыңға дейін өсірілді.

 

Министр: 300 мың теңге жалақы тағайындау мүмкін емес

Министр қоғамда қызу талқыланған тақырыпқа да тоқталды. Бұған дейін Мәжіліс депутаты ең төменгі жалақыны 300 мың теңгеге жеткізуді ұсынған. Светлана Жақыпова бұл мүмкін емес екенін айтты. «Мұны орта және шағын бизнес көтере алмайды. Еңбекақы төлеу керек, міндетті медициналық сақтандыру қоры, зейнетақы төлемі бар, осының бәрі бизнеске күш салады», - деді.