БҚО-да сумен жабдықтау жүйесіне 52 елді мекен енбей қалған

Батыс Қазақстан облысында жергілікті биліктің салғырттығынан, сумен жабдықтау жүйесіне 52 елді мекен енгізілмей қалған.

Салдарынан 37 мың тұрғын ауызсуды субсидиялау мүмкіндігінен қағылған. Мәселен, Теректі ауданының бірқатар ауылында тұтынушылар судың текшеметріне 90 теңгенің орнына 643 теңге төлеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тиісті олқылықты анықтады. Қазір облыс әкімдігі 3 мыңнан астам тұрғыны бар 5 елдімекендегі су құбырын реестрге қосыпты. Өзге ауылдар бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Тексеріс кезінде мемлекетке 108 миллион теңге, залал келгені әшкереленді. Яғни тұрғындар суды қымбатқа сатып алған, ал тиісті қаржы «Қазсушар», «Теректі су» секілді кәсіпорындардың қалтасында қалған.

Әділхан Сабыров, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

- Яғни, квазимемлекеттік кәсіпорындар елді мекендерге берілген ауыз су көлемінен мемлекеттік ұйымдармен және коммерциялық бағытта қолданылған ауыз судың көлемін шегермеген. Қазіргі уақытта аталған сомаларды өтеу бойынша шаралар қабылданды және бұл ауыз су тарифтеріне жағымды әсер етеді.