ШҚО-да жалақыға заңсыз үстеме қосқан

Жаңа оқу жылынан бастап, Шығыс Қазақстан облысында біраз мұғалімнің жалақысы күрт өсіп кеткен.

Тіпті үш мың есеге дейін көтерілген дерек бар. Математика пәні мұғаліміне 35 пайыздың орнына 3,5 мың пайыздық үстеме қосқан. 104 млн теңге көлемінде артық жалақы төлемекші болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұл деректі байқап, тексеріс жүргізді. Нәтижесінде бір ғана білім саласы бойынша 600 млн теңгені талан-таражға салу әрекетінің жолы кесілді. Қалалық мұғалімдерге «ауыл-аймақтарда тұратын мұғалімдердің коэффициенті» тағайындалып, жұмысқа шықпаған мамандарға да ақша аудармақшы болған. Қазір іс бойынша тексеріс жүріп жатыр.

Денис Шакенов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы:

- Біз осы заңбұзушылықтарға байланысты мемлекеттік ішкі аудит департаментіне ұсыныс жолдадық. Қорытындысын қосымша хабарлаймыз. Кінәлі тұлғаларға қатысты процессуалдық шешім қабылданады немесе олар тәртіптік жазаға тартылуы да мүмкін.