Өскеменде студенттер бизнес жобаларын ұсынды

Өскеменде өткен кәсіпкерлік бастамалар көрмесінде студенттер ерекше жобалар таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, комбайндарға механикалық өзгеріс енгізіп, GPS арқылы автоматты түрде басқару шетелдік техникадан әлдеқайда арзан. Ал алматылық студенттер емханаларда онлайн-тіркеу бастамасын көрсетті. Олар жасанды интеллект көмегімен дәрігердің қызметін цифрландырған. Сонымен бірге көлік жүргізушінің жолда ұйықтап қалуын болдырмайтын көзілдірік те көптің назарын аударды. Жобаның өзіндік құны 7 мың теңге болса, тауар бағасы – 12 мың теңге. Былтыр осындай көрме арқылы 100-ге жуық студенттік жоба қаржыландырылды.  

Назерке Әскербек, студент:

- Біздің жобамыз «Көзблинг» деп аталады. Көзблинг – көлік жүргізуші келе жатқан кезде ұйықтап қалмау үшін жасалған жоба. Бұл жобада арнайы датчик бар. Бұл датчикпен біз көлік жүргізушінің ұйықтап қалмауын алдын аламыз.

Рэндел Брюенс, Огайо мемлекеттік университетінің PhD докторы:

- Қазақстандық студенттер өте пайдалы, әрі тың жобаларды ұсынып отыр. Жастардың білімі жоғары, әлеуеті зор. Біз олардың жобаларына қолдау көрсетіп, кәсібін жандандыруға көмектесеміз.