Атырауда кәсіпкерлердің жәрмеңке-көрмесі өтіп жатыр. LIVE

Атырауда мемлекет қолдауымен кәсіп ашқандар жәрмеңке-көрме өткізіп жатыр.

60-тан аса кәсіпкер бүгін өз өнімін тұрғындар назарына ұсынады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бүгін облыс орталығында қайтарымсыз грантқа ие болған кәсіпкерлер есеп беріп жатыр десе де болады. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы алып, бизнесін бастағандар өз өнімдерін көрмеге қойды. Мұнда түрлі бұйым бар. Ауыл шаруашылығы өнімдері, ұн өнімдері, сондай-ақ киім-кешек пен қолөнер бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылып отыр. Облыс орталығындағы көрме-жәрмеңкеге Атырау қаласы мен 7 ауданнан 60-қа жуық кәсіпкер қатысқан.

Өңір кәсіпкерлерінің дені қай салаға бет бұрды, оны мамандардан сұрап білген едік.

Еркебұлан Әбілқасымов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Ұн өнімдері, кондитерлік, киім өнімдері де бар. Ағаш бұйымдары бар, құрылыс материалдары бар жас кәсіпкердің. Бұдан бөлек, түзету мекемелерінде орналасқан 9 кәсіпкер қатысып отыр қазір. Ағаш бұйымдары бар, төсек-орындары сосынарнайы киім-кешек бар. Оларды да қолдау мақсатында бір болуға шақырдық осында. Қазір көрмеге қатысып отыр. Бұл өздеріңізге белгілі, Еңбек күніне арналған іс-шара жоспары бар Премьер-министрдің. Сол жоспарға енгізілген. Жалпы алға қарай да мұндай көрменің жалғасы болады.

Биыл қайтарымсыз несие 266 адамға беріледі. Бүгінде оның 173-і алып, кәсібін бастады. Ал қалғанының өтініші қазір қаралып жатыр. Комиссия мақұлдағаннан кейін қаржы қолдарына тиеді.

Айта кетейік, бұрын жас кәсіпкерлер де осы қайтарымсыз гранттарды ала алатын еді. Биылдан бастап оларға 2,5%-пен жеңілдетілген несие берілетін болды. Биыл 200-ге жуық жас 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие алып, кәсібін бастайды. Жалпы жұмыс істеймін деп ниет білдіргендердің екі қолына бір күрек табылатыны рас.