Павлодарда ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Кәусар бұлақ» мектебі бар

Павлодарда ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Кәусар бұлақ» ата-әжелер мектебі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұжым мүшесі Ғалия Сұңғатова жастарды қолөнерге баулып, қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жүр. Ісмер жан ою-өрнекті әлемге танытсам деп армандайды.

Ғалия Сұңғатова қаладағы көптеген мектеппен тығыз байланыс орнатқан. Ол қыз балаларға іс тігуді үйретеді. Айтуынша, көздің жауын алатын қазақы нақыштағы бұйымдар соңғы уақытта үлкен сұранысқа ие.    

Ғалия Сұңғатова, қолөнер шебері:

- Құрақ көрпеміздің атауы «аламан құрақ» деп аталады. Биылғы жылы Астана қаласында Рәміздер күнінде біз осы аламан құраққа қатысып, бүкіл Қазақстан шеберлері қатысып, әр шебер осындай бір-бір көрпе тігіп, Астанамыздың төрінде төседік. Оны төсегенде 200-ден астам құрақшылар қатыстық. Біздің жасаған көрпеміздің ұзындығы 500 метрден асты.

Қазақтың ши құрағы, әдемі ою-өрнегімен рекорд орнатқан қолөнер шеберлері мұнымен шектелмейді. Дәл осындай жетістікпен әлемдік  Гиннестің рекордтар  кітабына енсек дейді. Ол жобаны өздері  «Мың құрақшы, мың көрпе» деп атапты. Ғалия апай сондай-ақ қазақтың ұлттық киімдерін жаңғыртып жүр. Бұған дейін ұйымдастырған «Тақия Fest» жобасына 200 оқушы қыз қатысты. Олар өз қолымен тіккен тақияларын киіп, дефиле өткізді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Бұл – үкілі тақия. Оны қыз бала 13-14 жасқа толғанда кигізеді әжелеріміз. Бұл тақия, өздеріңіз көріп тұрғандай, әдемі тастармен безендірілген. Ол қыз баланың талғамын оятып, сенімін қалыптастырып, бойының сұңғақ болып өсуіне де әсер етеді.

Қазақтың ұлттық киімдері адамның жас ерекшелігіне қарай  өзгеріп отырады. Қыздар тақия, үкілі бөрік кисе, ұзатылған қыздың басына сәукеле кигізіп шығарып салған. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында археологиялық қазба жұмыстары кезінде Ертіс өңірінен табылған сәукелеге ұқсас күміс бас киім тұр. ХІІІ, ХIV ғасырда ақсүйек әйелдер киген бас киім «бокка» деп аталады. Бірақ түп-тамыры біздің сәукелеге саяды.

Жеңісбек Қадырұлы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:

- Оның биіктігі 20-дан 30 см құрайды. Таза қайыңның қабығымен тысталып, сырты жұқа таза күміспен қапталып, жаңағы қымбат зер жіптерменен тігілген екен. Ал ерте кездерде ескі қорғаннан табылған алтын адамның ер адамдардың тымағының да биік болғанын көрсетеді. Яғни, бұл сәукеленің биіктігі нені көрсетеді. Бұл тәңірге жақындықты көрсетеді. Сонымен қатар сол қыздың мәртебесін көрсетеді.

Сәукелені қазақтар арнайы шеберлерге тіктірген. Ұзатылатын қызға арнап алтынмен апталып, күміспен қапталып жасалған сәукеленің бағасы 500, тіпті мың жылқының құнына тең келгені туралы деректер бар. Ал кимешек қазақ аналарының алтын тәжі санаған.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Кимешек – қазақ аналарының қасиетті бас киімі. Оны жас келін дүниеге 1-2 сәби әкелгеннен кейін ауыл аналары бас қосып, жас келіншектің басына кигізген екен. Кимешек жас ананы төзімділікке, сабырлыққа шақырады және оның мінезін де өзгертеді деген сенім қалыптасқан. Өйткені кимешек киюдің үлкен тәрбиелік мәні бар екен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Жеңіс Темірболат.