Салық жүйесі кәсіпкерлікке кедергі келтірмеу керек

Елде қазынаға құйылатын салықтың 80%-і 260 компаниядан түседі.

Ал 4 миллион Қазақстан азаматы бір теңге де салық төлемейді. Бұл туралы Павлодарға келген Қазақстан Халық партиясының мүшелері бизнес өкілдерімен болған кездесуде атап өтті. Белгілі болғандай, қолданыстағы салық жүйесінде түйткіл көп. Олар бизнесті дамытуға кедергі келтіреді. Кәсіпкерлер үшін қиындық туғызады. Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлерді қорғауға үндеді. Жақында бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы салық заңнамасына өзгеріс қажеттігін айтқан еді. 

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде өзекті мәселелердің бірі – жеңілдетілген декларация. Өкінішке қарай, мұнда Салық кодексін әркім өзінше түсіндіреді және ескертпестен оларды жеңілдетілген декларациялардан жалпы белгіленген декларацияға өткізіп тастайды. Есептей келе қомақты сома шығады. Бұл бір, екіншіден, бизнесті енді бастаған кәсіпкерлер салықты ұзақ уақыт бизнесте жүргендермен бірдей төлейді. Ал кәсіпті бастау үшін инвестиция, қаржылық қор құру қажет.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Салық қызметтері кәсіпкерлерден үнемі қандай да бір қателіктер іздейді. Жеңіл-желпі жайттар үшін шоттарын бұғаттайды. Содан кейін кәсіпкердің барлық жұмысы тоқтап қалады. Тексеру көп уақыт алады. Кейін оның қарапайым қателік екені анықталады. Бұл ішкі кірістер қызметі болуы мүмкін. Бірақ кәсіпкер зардап шегеді, шығынға ұшырайды әрі ол өтелмейді.