Астанада 30-дан астам мурал пайда болады

Астанада жыл аяғына дейін 30-дан астам мурал пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде зәулім ғимараттардың қабырғаларына салынған муралдар көбейген. Өзіндік көркемдік ерекшелігі бар стрит-арт стиліндегі туындылар шаһар көркін одан сайын ажарландыра түскен. Суретшілер әр туындысында тарихи мән-мағынасы бар құндылықтардан сыр шертеді. Қабырғадағы көлемді суреттердің көбінде қазақ зиялылары мен танымал тұлғалар бейнеленген.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Қазір үйлердің қасбетіне мурал салу сәнге айналды. Бұл бір шетінен қаланың ажарына әр қосады. Ал суретшілер бүгінгі өнер туындысына «Ақерке» деп ат қойыпты. Мамандардың рұқсатымен мен де өз үлесімді қосып көрейін.

Бұл жолы суретшілер Шәймерден Қосшығұлұлы көшесіндегі үйлердің біріне әр беріп жатыр. Өнер иелері әрдайым жергілікті биліктің арнайы рұқсатымен жұмыс істейді. Яғни, алдымен муралдың эскизін дайындап ұсынады. Көбіне белгілі тұлғалардің кескіні мен тарихи мәні бар суреттерді бейнелейді. Ұлттық нақыштағы муралдар да көп.

Николай Селютин, суретші:

- Бұл жолғы туындымыздың мағынасы зор. Балаларды еңбекке баулу арқылы табиғатты аялауға үйрететін сурет салмақшымыз. Бұл біздің бірінші еңбегіміз емес. Бүгінге дейін 20-дан астам мурал салдық. Көбіне қазақтың ою-өрнегін жиі қолданамыз.

Елімізде осыдан бірер жыл бұрын басталған бұл үрдіс бүгінде Астананың бірқатар нысанына әр беріп тұр. Муралға суретшілер кез келген ауа райына төзімді бояу қолданады. Әдемі суреттер қала тұрғындарының да көз қуанышына айналған.

Игорь Колоди, қала тұрғыны:

- Бұл өте керемет. Сұрғылт тартқан үйлерге тіптен әр береді. Мұндай муралдар әлі де көп болса деймін. Балаларға да тәрбиелік мәні зор.

Мұндай суреттер бас қаланың ескі бөлігінде көп. Алматы шаһарында да муралдар саны артқан.

Айта кетерлігі  бұл көше өнері әлемнің көптеген ірі қаласында бар. Әсіресе стрит-арттың астанасы саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон сияқты әлем шаһарларында жиі кездеседі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Диас Қобыланбаев.