Созақ ауданында мүгедек жан компьютерлік қызмет орталығын ашты

Түркістан облысының Созақ ауданында мүмкіндігі шектеулі азамат компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашты.

Шолаққорған ауылының тұрғыны мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Соған кәсібін дөңгелетіп, ауыл жұртының да қолын ұзартқан. 

Ізбасар Баймағамбетов бірінші топтағы мүгедек. Жұмысқа күделікті қоларбамен барып келеді. 30 жастағы жігіт биыл бизнес жобасын ұсынып, 1 млн 380 мың теңгенің грантына ие болды. Оған компьютер, түрлі түсті екі принтер, фотоаппарат және өзіне қажетті құрал-жабдықтар алды. Жергілікті билік оған аудандық жастар орталығынан орын берген. Қиындықтан қорықпайтын қайсар жігіттің алдыға қойған жоспары көп.    

Ізбасар Баймағамбетов, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Тойға шақыру қағаздарын шығарамын. Онлайн түрде жіберемін, электронды ключ ашып беремін. Компьютерлерін жөндеп беремін.

- Egov-тың қызметі, анықтамалар шығарып бересің бе?

- Иә, енді-енді бастап келе жатырмын. Құдай қаласа, осы кәсібімді дамытып, көп жоспарларым бар. Үлкен баннер, афиша шығарсам деген жоспарым бар. Соған жұмыс істеймін енді. 

Былтыр Созақ ауданында кәсіп ашамын деген 80 адам қайтарымсыз грант алды. Олардың дені аяқ-киім, жүн өңдеу цехы, наубайхана, көлік жөндеу орындарын ашқан. 

Олжас Сатыбалдиев, Созақ аудандық мансап орталығының басшысы:

- Қазіргі таңда 1-2 лек бойынша 32 азамат алды. Оның ішінде сол халыққа қызмет көрсету, кондитерлік орталықтары, өздеріңіз көргендей компьютерлік қызмет көрсету орталықтары ашылып жатыр. 3-ші лекке өтініш беру қабылданып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 70-ке жуық адам өтініш берді. Енді алдағы уақытта 33 азаматқа берілетін болады. 

Жалпы Созақ ауданында ерекше бизнес идеялар назардан тыс қалып жатқан жоқ. Оның ішінде әуелі жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету көзделген. Аудан аумағында мүмкіндігі шектеулі 219 азамат болса, соның 8-і кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетіп отыр. Жалпы биыл Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытамын деген 3 мыңға жуық азаматқа қайтарымсыз грант беріледі деп жоспарланған. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов