Алматы облысында Ұстаздар күніне арналған мюзикл түсірілді

Алматы облысында мектеп-гимназия оқушылары ұстаздарына алғыс ретінде қысқаметражды көркем фильм түсірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мюзикл жанрындағы туындыға жазушы Дина Әбілованың «Күнді етегіңмен бүркей алмайсың» атты әңгімесі арқау болыпты. Сценарийін оқушылардың өздері жазған. Ал мюзиклді түсіруге ұстаздары көмектесіпті.

Әуесқой фильм 5 жасында анасы тастап кеткен кішкентай қыздың өмірін баяндайды. Туған анасын сағынған қызды өгей шешесі өз тәрбиесіне алады. Алайда әйел бар мейірімімен жақсы көрсе де, қыз оны анасы ретінде қабылдамайды. Басты рөлдерде №38 мектеп-гимназияның ұстаздары мен оқушылары ойнайды.

Жанель Батырхан, 10-сынып оқушысы:

- Бұл жоба арқылы біз бүгінгі күндегі маңызды мәселелердің бірін көрсеттік. Мысалы, жанұядағы қарым-қатынастар жайлы, баланың ұстаздармен, ата-анасымен қарым-қатынасы жайлы түсіргенбіз.

Маржан Амангелдіқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Мен қызды өсірген, оның барлық істеріне қолдау көрсеткен, көмектескен өгей ананы ойнаймын. Әрине, ананы ешкім алмастыра алмайды, бірақ мен оны кез келген жағдайда қолдауға тырыстым. Осы фильм арқылы үлкенге құрмет көрсетуді жеткізгіміз келді. Фильмнің негізгі идеясын жеткізе алдық деп ойлаймын.

Жас кинематографтардың көркемдік жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Рустам Оразалиев. Оқушылар фильмнің сәтті шығуы ең алдымен ұстаздарының арқасы дейді. Фильм барынша сапалы шығуы үшін Рустам Оразалиев өз көлігін сатып, түсіру жабдықтарын сатып алыпты.

Рустам Оразалиев, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Функционалдық педагогика деген бар. Функционалдық педагогикада балалар мектепті бітірмей жатып, әрбір салада өзін көру. Мысалы, бір оқушымыздың аудармасы болды, ағылшын тілінен. Аружан деген қызымыз бар, ол қыз бастан-аяқ сценарийге қатысты.

Қысқаметражды фильмнің тұсаукесері 3 тілде өтті. Оны да №38 мектеп-гимназиясының оқушылары өздері аударған.

Айта кетейік, жақында бұл туынды мектеп оқушылары арасында өткен облыстық байқауда «Көркем фильм» аталымында І орынға ие болды. Рустам Оразалиев «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қағиданы ұстанады. Сондықтан шәкірттерімнің бойынан кішкентай ұшқын байқасам, дамытуға тырысамын, -дейді ол.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Кенже Амраев.