Жетісу облысында тұмауға қарсы вакцина егу басталды

Тек биылдың өзінде 80 адам сырқаттанып, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгініпті.

Жұқпалы аурулардың алдын-алу үшін өңірде екпе егу науқаны басталды. Сала мамандары өңір халқының 12 процентінің, яғни 674 мыңнан аса адамның иммунитетін көтеру бойынша ем-шаралар жасамақ. Тұрғындарды вакцинамен қамтамасыз ету үшін 80 700 доза сатып алынып аудандарға жеткізілді. Екпе бірінші кезекте санитарлық эпидемиологиялық қызмет пен әкімшілік қызметкерлеріне, сондай ақ дәрігерлер, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері және созылмалы ауруға шалдыққандарға салынып жатыр.

Әйгерім Тінәліқызы, қала тұрғыны:

- Бауыр пересадкасын өткеннен кейін гриппен ауруға болмайды маған. Сондықтан мен жеті жылдан астам уақыт бойы осы вакцинаны алып келемін. Бұның бір тиімділігі тұмауды жеңіл өткеруге көмектеседі.

Асхат Шарапиев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы:

- Суық тию, тұмау сияқты аурулармен бізде 30-40 мыңнан астам адам тіркеліп тұрады. Сол адамдардың 60 проценті балалар. Сол үшін біз жылда тұмауға қарсы вакцинаны халыққа қоямыз. Осы вакцинаның арқасында тұмау және тұмау тәріздес ауруларды ауыздықтап отырмыз.