Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Әлемдегі геосаяси және климаттық өзгеріс туризм саласына да, кері әсерін тигізгені белгілі.

Ел аралайтын саяхатшылар саны, кейінгі жылдары біршама азайып кетті. Бірақ биыл бұл индустрия қайта қарқын алды. Осы жылы туристер ағыны 95 процентке артады деген болжам бар. Осы ретте Қазақстан отандық туризмнің әлемдік аренадағы үлесін арттыруға мейлінше тырысып бағуда. Турагенттер, Париждегі туризм көрмесіне қатысып,  жиһан-кездерді тамсандыра алатын жерлерді таныстырды.

Қазір еуропалықтар алыс елдерге саяхаттағысы келеді. Соның бірі – Орталық Азия. Бұл - франциялық туристік агенттіктер үшін шалғай жатқан өркениет. Еуропалықтар Қазақстанға көбіне Қырғызстан,  Өзбекстан арқылы өтеді. Бірақ биыл Париждік тур агенттіктер Қазақстанға арналған турларды көбірек сатуды көздеп отыр.

Ольга Сансон, Kazakh Incoming туристік агенттігінің басшысы:

- Біз басқа бағытқа бет бұрамыз. Мұндай тур қазір нарықта жоқ. Біз туристерді қызықтыратын жаңа орындарды таптық. Соның бірі - Қазақстан. Бұл елдің табиғаты бай, көрікті жерлері көп. Тарихы терең. Қонақжайлығы тағы бар. Сонысымен де ерекше.

Туристердің негізгі мақсаты - әсем Алматыны көру. Қала туралы көрмеде арнайы стенд те қойылған. Соңғы жылдары Алматыға ағылған туристердің саны өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда 70%-ға көп.

Ғалия Тоқсейітова, Алматы туризм басқармасының басшысы:

- Біз үшін Париж бен Франция нағыз туристердің орталығы. Француздардың өзі әлем шарлауға әуес халық қой. Бүгін біздің стендке қызығушылар көп болды. Туроператорларымыз қонақтармен келіссөздер жүргізіп, өзара келісімшарт жасасты. Сондықтан бүгінгі күн сәтті өтті деп ойлаймын. 

Қазақстанның Оңтүстік аумағында туризм саласына басымдық берілген. Статистикаға сүйенсек, орташа табысты турист бір сапарға шамамен 1,5 мың доллар жұмсайды. Сондықтан Алматыға шетелден келетін қонақтар санын 600 мыңға арттыру жоспарда бар. Мамандар алдағы уақытта тек Алматы мен Шымкент қана емес, Қазақстанның көрікті жерлерін Еуропа, Азия және Таяу шығыстағы халықаралық көрмелерде де көрсетуді көздеп отыр.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан