Таразда оңалту орталығы ашылды

Таразда ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылды.

Нысан жүз елу орынға шақталған. Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедек жандарға сегіз түрлі қызмет көрсетіледі. Ескі орталық небәрі жетпіс адамға арналғандықтан, жаңадан келгендерге таршылық етті. Жаңа кешенде ине рефлексті терапия, парафинмен емдеу және бассейн бар. Одан бөлек, түрлі шеберханаларда жұмысшы мамандығын игеруге болады. Басты мақсат- мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеу.

Қарлығаш Бибазарова, облыстық әлеуметтік оңалту орталығының директоры:

- Біздің басты артықшылығымыз – жүйелердің роботтандырылғаны. Яғни адам өздігімен жүре алмаса да біз оған экзоскелетті кигіземіз. Сол кезде робот әлгі адамды өзі жүргізе береді. Яғни адамның жүру қабілетін қалыптастырады. Оның биологиялық байланысы болады. Яғни жүре алмайтын адамның бір бұлшық еті қозғалысқа келсе компьютер оны көрсетіп тұрады.