Ақмола облысында үздік ұстаздар марапатталды

Мұғалімдер күніне орай облыс орталығында өткен салтанатты шара барысында аймақ басшысы педагогтарға ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпат табыстады.

Марапатқа ие болғандар қатарында сала ардагерлерінен бастап, еңбек жолын енді бастаған жас мамандар да бар.

Ұлғатты ұстаздар қауымы қазан айының басындағы мерекені асыға күтеді. Себебі, дәл осы күні олардың тынымсыз еңбегі ерекше еленіп, зор қошеметке ие болады. Жылдағы дәстүрге сай өңірдің үздік педагогтары көрікті Көкше төрінде бас қосты. Биыл оларға мемлекеттік наградалардан бөлек, Бурабайдағы демалыс орындарына да жолдама берілді. Сонымен қатар, үздік білім беру ұйымдарына  20 млн.теңге көлемінде облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды.

Дамир Сұрағанов, Щучинск қаласының № 7 мектеп-лицейінің директоры:

- Ақмола облысы әкімінің грантымен марапатталып отырмыз. Бұл кез-келген мектеп үшін үлкен мотивация. Яғни, кез-келген мектептің материалдың базасын арттыруға, ұстаздары мен оқушыларының талпынысын арттыруға жақсы серпіліс деп есептеймін. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекет басшысының да жалпы ұстаздарға деген, білім саласына деген көзқарасы тамаша. Сондықтан біздің білімдегі көкжиегіміз арқашан үстем боларына сенімдімін.

Бүгінде облыс бойынша 23 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Олардың қатары жыл санап жас  мамандармен толығып тұрады. Ал, оларға деген құрмет пен қамқорлық қашан да болсын айрықша болуы тиіс.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Арнайы қабылданған заңның өзі үлкен қамқорлық деп айтуға болады. Жалақылары екі есе артты. Бүгінгі таңда өңірде заман талабына сай мектептер жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан бүгінгі жаңа технология, жаңа әдістер, жаңа методология, қосымша білім алу сияқты білімдерін оқушыларға жеткізеді. Жалпы мұғалім деген қоғам мен биліктің алтын көпірі.

Айта кетейік, биыл облыс бойынша 14 мектеп пайдалануға беріледі. Оның бесеуі жаңа  оқу жылының қарсаңында ашылды. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 білім беру нысанының құрылысы басталды. Авторлары: Абзал Балтаьаев, Евгений Шинкаренко