Жетісу облысында күзгі жиын-терін науқаны қызып тұр

Арпа бидай өсіретін диқандар алтын орақты аяқтап қалса, қант қызылшасын, картоп еккендер өнім жинауға білек сыбана кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылыжай бағбандары да көкөністерін теріп, қысқа қамдана бастады. Мемлекет басшысы Жолдауда өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға басымдық беру керектігін  атап өтті. Осыған байланысты өңірдегі жылыжай аумағын 15 гектардан 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. 

Александр Резников жылыжайына бүлдірген егіп жатыр. Әр түбі 800 грамға дейін өнім беретін көшеттің 7,5 мыңын отырғызбақ. Сол үшін қиярды ұзаққа созбай жинауға кірісті. Биыл ол 3 сотық жерден 3 тонна көкөніс алды. Босаған жерді тиімді пайдаланып, пияз бен құлпынайды қатар өсірмек.

Александр Резников, бағбан:

- Биыл бүлдірген көшетін екі есе көбейтіп отырмыз. Ал келер жылы 15 мың түпке дейін жеткіземіз. Себебі біздің балғын өнімге сұраныс көп. Шетелден келгені бізге бәсекелес бола алмайды. Тағы бір артықшылығымыз – табиғи газға қосылғанымыз. Былтыр сынақтан өткіздік. Бізге ұнады. Шығын аз. Бұл өнім бағасына оң әсер етеді.

Көксу ауданында тұратын Абай Төлебаев биыл 35 гектарға картоп еккен. Орташа түсім әр гектарынан 250 центнерден айналып отыр. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін шаруа былтыр комбайн сатып алды.  

Абай Төлебаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мұның бір жақсысы, таза алады бір, содан кейін адам күшін көп керек етпейді. Адам қолымен жинаса, 30-40 адам жүреді. Комбайн өзі алады, үстінде 3-4 адам алады. Сұрыптаудан өткізіп жинаймын десең, анау жаққа жинап, содан кейін сұрыптау жасауға болады. Ал мен бірден сорттап, қоймаға бірден кіргізіп жатырмын.

Облыста биыл 19300 гектарға көкөніс пен картоп егілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 100 гектарға көп. Жаздың құрғақ болғанына қарамастан шаруалар мол өнім алды, - дейді саладағылар. 

Бақтияр Шампиков, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 71% жиналды. Өнім жаман емес, картоп пен көкөніс 850-1000 тоннадай күтіп отырмыз. Былтырмен салыстырғанда 5-10% артық болады.

Жетісу облысында 22 жылыжай жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары оның қатары аумағы 5 гектар болатын 2 кешенмен толығады. Бұл өз кезегінде ел нарығындағы отандық өнімнің көбеюіне ықпал етпек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.